«Ерекше фото» айдары. Санкт-Петербургте Кенесары ханның кісесі сақталған. Бұл жаңалықты зерттеуші Берік Әбдіғали фейсбуктегі парақшасында жазып, суретін салды.
Алаш әскері тақырыбын зерттеп жүріп, Сейілбек Жанайдаровтың 1915 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейіне Кенесары ханның кісесін тапсырғаны туралы дерек кездестірдім. Бұл жәдігер «Ксе – пояс киргизского хана Средней Орды» деген атпен аталған музейдің қорында бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Сейілбек Жанайдаров 1918 жылы Атбасар Алаш әскери дивизионын құрған, әрі Алашорда үкіметінің кандидат мүшесі болған азамат. Бұл жәдігер Сейілбек Жанайдаровтың қолына қалай түскенін зерттей келе анықтағанымыз – ол кісе Сейілбектің атасы – Кенесары ханның әскери қолбасшыларының бірі Жанайдар Орынбайұлынан қалған мұра екен. Батырдың ұрпақтарының айтуынша, Кенесары хан өзін өлімнен бірнеше рет қорғап қалғаны үшін, әрі көрсеткен ерліктері үшін аталған кісені Жанайдар Орынбайұлына тарту еткен, - деп жазыпты. Кенесары Қасымұлының биыл 215 жылдығы.