$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алюминстрой мөлтек ауданының тұрғындары ПМХЗ түсетін салықтың кемуіне байланысты жаңа үйлерден қағылды

AstanaTV
05.12.2017ж. 20:00
3342
Алюминстрой мөлтек ауданының тұрғындары ПМХЗ түсетін салықтың кемуіне байланысты жаңа үйлерден қағылды

"Алюминстрой" мөлтек ауданы тұрғындары алдағы жылы да жаңа пәтерлерге көшпеуі ықтимал. Күте-күте шаршаған қауым не де болса да соңына дейін шыдауға әзір. Дегенмен, бұқара бір жылда бірнеше рет құбылатын шенділердің шешіміне сенуден қалған. Тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодардағы Алюминстрой мөлтек ауданы тағы да дау-дамайдың ортасында қалатын тәрізді. Биліктің қазан айында ғана тұрғындарға уәде еткен пәтер сатып алып беру мәселесі кейінге шегерілген. Бұған қалалық бюджеттің 1 млрд 300 млн теңгеге кемуі түрткі болды. Қазынадағы тапшылық мұнай-химия зауытындағы дағдарыстан кейін болған. Кәсіпорын тиісті салықтық төлемді дер кезінде өтей алмапты.

Қанат Қапуов, Павлодар қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

Бюджетке түспеген салықтан болып, біз дәл осы үйлерге бөлінген соманы қысқартып отырмыз. Яғни үнемдеулер мен пәтер сатып алуға қарастырылған қаржы қысқартылды. Негізі 80 баспана сатып алуды көздеген едік, алайда оны енді сатып алуға мүмкіндік жоқ. 

Ескі үйінің құлатылуын күтіп жүрген Майра Сұлтанбаева соңғы бес жылда адам сияқты өмір сүруден қалдық деп қынжылады. Айтуынша, жан бағып отырған баспанасы әбден тозған. Үйінің жыртығын кішігірім жөндеу жұмыстарымен жамап келген зейнеткер бұл істі де тоқтатыпты. Бұзылатын болғандықтан, бекер ақша шашқысы келмейді. Әкімдіктің екінші нарықтан пәтер сатып алып беру ұсынысын қабылдамаған. Біреудің ескісімен алысатын шамам жоқ,-дейді ол.

Майра Сұлтанбаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

85 емес, енді 75 жылғы үйлер. Олардың өзіне 40 жылдай болады. Сондықтан мен өзім басынан бастап келіспедім. Қанша тос десе, сонша тосуға әзірмін. Алладан, түнде жатқанда айтам, бір жаңа үйден несібе етсең деп, соған дұға етіп жатамын. 

Алюминстрой шағын ауданында 159 екі қабатты үй болған. Әбден тозығы жеткен бұл баспаналар кеңес одағы тұсында жұмыскерлерге уақытша тұрақ ретінде берілді. Ескі үйлер 2013 жылдан шетінен сүріле бастады. Бүгінде аумақ ауқымды құрылыс алаңына айналған. 9 көп қабатты үй пайдалануға берілсе, тағы 2 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Және 8 тұрғын үй салынып жатыр.

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Біз үй кезегі 2019-2020 жылдарда тұрған ескі үйлердің тұрғындарын нарықтан сатып алынған пәтерлерге көшіруді жоспарладық. Яғни бұл жағдайда тұрғындар ертерек қоныс аударуға мүмкіндік алар еді. Алайда, байқаудың өтпей қалуы мен бюджет тапшылығына байланысты бұл іс тоқтатылды. Енді пәтерлер кестеге сай берілетін болады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Алпауыт кәсіпорыннан түспеген салықтың салдарынан қалалық бюджет түзетуге ұшырамақ. Алайда, бұдан басқа нақты қай бағытта қысқартулар болатыны әлі белгісіз. Әкімдіктің баспасөз хатшысының сөзінше, әлеуметтік салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Дегенмен, билік шығындарды реттеп, көрпесіне қарай көсілері анық.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ