Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жамбылда жарық төлеміне қатысты жанжал туды

AstanaTV
06.12.2017ж. 20:00
2492
Жамбылда жарық төлеміне қатысты жанжал туды

Таразда саяжай тұрғындары электр энергиясы үшін 2 млн теңге қарыз. Жамбылда жарық төлеміне қатысты жанжал туды. Таразға тиіп тұрған «Юбилейное» саяжайының халқы «тұтынбаған энергия үшін ақы төлеуге мәжбүрміз» деп шу шығарды. Айтуларынша, тұрғындарға ток көзін таратып отырған «Қазфосфат» серіктестігі әр үйге электр энергияның ай сайынғы төлемінен бөлек 700 теңгеге жуық ақы төлеуді міндеттеген. Осылайша олар жоғалған энергияның орнын тұрғындар қалтасынан толтырмақ дейді. Данияр Әлімқұл мәселенің мән-жайын білді.

Жұрттың жаппай көтерілуіне жарыққа қатысты жанжал себеп. Тұрғындардың айтуынша,  «Қазфосфат» серіктестігінің өкілдері оларға "мамыр айынан бүгінгі күнге дейін ұрланған әрі төленбеген энергия шығыны үшін 2 млн теңгедей қарызсыңдар" деген.  Бұқара бұған наразы.

Жұмасейіт Досымбеков, «Юбилейное» саяжайының тұрғыны:

Сол шығынды әкеліп бізге бұлар жалпы халыққа, әр отбасына 662 теңгеден төлейсіңдер деді. Бізде 380 үй бар. Жаңағы 662 теңгеден болған уақытта 240 мыңдай ақша болады. Үзбей жарық ақысын төлеп келе жатқан тәртіпті кісілер неге ол потеряны төлеу керек, біріншіден? Екіншіден, бұл потеряны зауыт анықтау керек. Бұл жаңағы бәріне бірдей шашу ол заңсыз. 

Бұқара бес күн бойы жарықсыз отырған. Өйткені бір тиын бермегені үшін зауыт жарықтарын сөндіре беруді әдетке айналдырды дейді.

Виталий Цвит, «Қазфосфат» ЖШС энергетика бойынша бас менеджері:

Біз саяжайдағы әрбір үймен келісімшарт жасамаймыз. Әр ауладағы ұрыны аңдымаймыз. Біз тек сол жердің төрағасымен шарт жасасып, ток береміз. Саяжайдың Марина Шаткина есімді төрайымы келіп кетті. Ол халықтан қарызды қайтару үшін, әрі есептеуіштерді ауыстыруға байланысты құрылыс жұмыстарын бастау үшін 10 күнге ток көзін беруді тоқтатыңыз деп хат қалдырды. Олардың қарызы 2 млн теңгеге жуық. Халық қарызды қайтармайынша ток беруді түбегейлі тоқтатамыз.

Дау үдеген соң мәселеге билік араласқан. Жұрттың 30 пайызы жарыққа қарыз екен. Оны тұрғындардан өндіру үшін бөліп төлеу кестесі жасалған. 

Гүлбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

"Қазфосфаттан" өшірмеуді сұрадық. Облыстық энергетика басқармасы тарапынан электр стансасын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. 50 млн теңге бөлініп, келесі жылы сараптамадан өтіп, соғылуы да мүмкін.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Аймақтағы алып кәсіпорын аталған саяжайға 19 теңге 50 тиыннан ток таратады. Ал, саяжай басшысы оны халыққа 21 теңге 50 тиыннан береді екен. Ай сайын бұқара сағатына 70-80 мың кВт қуат тұтынады. Былтыр да әр үй ай сайын жағылған жарықтан бөлек 700 теңгедей ақша төлеген. 1 млн 800 мың теңге биылғы жылға қор ретінде қалыпты. Алайда, тұрғындар оны жарты жыл бұрын зейнетке шыққан бұрынғы төраға жымқырып кетуі мүмкін деп күдіктенеді. Олар енді бұл іске заң органдарының араласуын қалап отыр.

 Данияр Әлімқұл