$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібі өзгереді

18.11.2025ж. 11:30
Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібі өзгереді
Фото: pixabay

2025 жылғы 24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.

Қызмет тек онлайн форматта — eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі.

Тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеуден өту үшін пайдаланушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және оның жеке кабинетіне тіркелген телефон нөмірі (МАБ) қажет. Процедура толық автоматтандырылған және онлайн түрде жүзеге асырылады, бұл қызмет алу уақытын айтарлықтай қысқартады. Сондай-ақ азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында онлайн рәсімдей алады.

Қызмет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде тұрғын үй иелеріне;
сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі болып танылған 18 жастан асқан азаматтардың қорғаншылары мен заңды өкілдеріне;
14-16 жас аралығындағы балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне.
14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркеуге тұрмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің тұрғылықты жері саналады.

14 пен 16 жас аралығындағы балаларды ата-аналары немесе заңды өкілдері тіркейді. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған 18 жастан асқан азаматтарды да олардың қорғаншылары eGov.kz порталы арқылы жаңа мекенжайға тіркей алады.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға қатысты да жаңартулар енгізілді.

— Енді мұндай үйдің жалға алушысы шартта көрсетілген тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тіркей алады. Егер өтініш беруші жалдау шартындағы тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде қайтарады. Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйге тіркеу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, тұрғын үй орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға жүгінген жөн. Егер өтініш беруші өзіне тиесілі емес мекенжайға тіркелуге өтініш берсе, жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Тұрғын үйдің иесі хабарлама алынған сәттен бастап бір сағат ішінде келісімін растауы қажет, — делінген мекеме таратқан хабарламада.
eGov.kz порталы арқылы қызметті қалай алуға болады:

Порталда авторизациядан өтіңіз және мына бөлімге кіріңіз:
Азаматтарға → Азаматтық, миграция және иммиграция → Тұрғылықты жері бойынша тіркеу.
«Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
Электрондық өтінімді толтырып, ЭЦҚ немесе бір реттік SMS-код арқылы қол қойыңыз.
Қызмет нәтижесін жеке кабинеттен көруге болады. Өтінімнің өңделу мәртебесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
eGov Mobile арқылы тіркеуден өту тәртібі:

eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіңіз.
«Жылжымайтын мүлік және ТКШ» бөлімінен «Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» қызметін таңдаңыз.
Қажетті деректерді енгізіп, тіркеу себебін көрсетіңіз.
Қызметке қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірін пайдаланыңыз.
Өтінім мәртебесін «Хабарламалар» → «Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.
Меншік иелері немесе үлескерлері кәмелетке толмаған балалар, сондай-ақ сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар саналатын тұрғын үй мекенжайы бойынша тіркеу тек офлайн — Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.

Онлайн форматқа көшу оң статистикамен расталып отыр. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу қызметін шамамен 750 мың адам пайдаланды, бұл көрсетілетін қызметтердің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.