$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтауда мектеп оқушысы соққыдан кейін көру қабілетінен айырылған

AstanaTV
08.12.2017ж. 20:00
3138
Ақтауда мектеп оқушысы соққыдан кейін көру қабілетінен айырылған

Ақтау қаласында сыныптастарының соққысынан кейін 3-ші сынып оқушысының көру қабілеті төмендеп кеткен. Бұл жайында арнамыздың тілшілеріне баланың анасы айтып берді. Милана Минсин қоңырау уақытында таяқ жеген. Ал бұған дейін қатарластары оның саусағын сындырды деп отыр. 

Сыныптастарынан таяқ жеген сол күн бүлдіршіннің есінде. Айтуынша, қоңырау уақытында қыздар өзара сөзге келген. Милананың сөзінше, ол балалардан айқайламауды өтініпті. Ешкім тыңдамаған соң тақтаға «тынышталыңдар» деп жазыпты. Алайда, бұл жазба сыныптасына ұнамай, ол өшіруді талап еткен. Бірақ Милана келіспепті.

Милана Минсин:

Осыдан кейін ол: «Милананы ұрыңдар!»,- деді. Ұлдардың бірі маған тап берді. Үшеуі ұстап тұрды. Сыныптасым тура көзімнен соқты. Мен қатты ашуландым. Одан кейін оның досы қасыма келді де, «менің досыма неге тиісесің» деп, екінші көзімнен ұрды. 

Сабақтан кейін Милананың басы ауырып, көзінің көру қабілеті төмендейді. Дәрігерге қаралғанда «мидың шайқалуы және көру қабілетін 20 пайызға жоғалтты»,-деген диагноз қойылған. Ал анасы осыдан бір ай бұрын көру қабілеті 100 пайыз болғанын растайтын анықтама бар дейді.

Тамара Исаева, Милананың анасы:

Баламда ауыр жарақат. Ол таяқ жегеннен кейін мектеп медбикесіне барған. Алайда, медбике де, сынып жетекшісі де маған бұл жайында хабарламады. Бар жайды қызымнан естіп білдім.

Келеңсіз жағдайдың болғанын мектеп басшылығы жасырмайды. Алайда, олар  Милананың да өзіндік «мінезі» барын алға тартады.

Кажета Бекжанова, Ақтау қалалық №7 лицей-мектебінің директоры:

Сабаған жоқ, бір рет ұрған. Ұлдардың айтуынша, қызды бір мәрте ғана ұрған. Сіздер неге Милананың өзі туралы айтпайсыздар? Естігенде таң қалдым. Мектепке тәтті тоқаш әкеліп сатады екен. Және оны алғысы келген балаларға «аяғымды сүйіңдер» дейді екен. Балалар айтқанын істеген.

Милана Минсин:

Мен олардың бұлай істейтінін білгем жоқ. Бұл ойға сыйымсыз дүние ғой.

Мектепте болған бұл жайттан қалалық білім бөлімі де хабардар. 

Светлана Төлебаев, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы:

Бұл мәселені жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияда қарастыратын боламыз. Бұл лицей-мектебі және мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп тұр. Алдымен себебін анықтауымыз керек. Оқушылармен сөйлесіп, ата-аналарын шақырамыз.

Оқушы қыздың анасы полиция мен прокуратураға арыз жазған. Тамара Исаева білім ордасының басшысын жұмыстан шеттетуді талап етіп отыр. Милананы ренжіткен балалар кешірім сұрайды деп үміттенеді. Ал қызы анасынан басқа мектепке ауыстыруды өтініпті.