Тобыл өңіріндегі «Север-Птица» акционерлік қоғамы екі жылдан бері қара судың қарызын төлемей келген. Құс фабрикасының «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорынына 8 миллион теңгеден астам берешегі бар. Сот өтіп, қарызды өндіру туралы шешім шыққан. Ал мемлекеттік мекеме қордаланған қарызды жұмыртқалай алуға да келісіп отыр. Заңғар Санай тарқатады.
Қостанайдағы құс фабрикасы қомақты қарызымен борышкерлер тізімін бастап тұр. Акционерлік қоғам 2015 жылдан бастап су құнын төлемеген. Мемлекеттік мекеме басшылары борышкерді бір мәмілеге шақырып, дауды сотқа дейін шешпек болғанын айтады.
Арман Жүнісов, «Қостанай су» МҚМ директорының орынбасары:
Біз оларға өнімді сәл төмен бағамен, яғни 10-15 теңге арзан беруді ұсындық. Сөйтіп, жұмыртқаны өз қызметкерлерімізге айлық есебінен бергіміз келді. Сонымен қатар қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесе отырып, өзге де ірі кәсіпорындарға жұмыртқа өткізу мәселесін қарастырған едік.
Дегенмен, құс фабрикасы таудай қарызды қайтаруға талпыныс жасай бастаған көрінеді. Телефон арқылы тілдескен кәсіпорын директоры берешекті толық беру жағын қарастырып жатқандығын жеткізді.
Константин Мякотин, «Север-Птица» АҚ директоры:
Біріншіден, біз күн сайын қарызды ақшалай өтеп жатырмыз. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жұмыртқалай беру жөнінде сөйлесіп жатырмыз. Өзара келісім бар. Төмен баға, яғни жәрмеңкеде сатылатын бағамен өткізбекпіз. «Қостанай су» кәсіпорынының қызметкерлері үшін бұл тиімді болуға тиіс.
Қарызды өндіру құжатына сәйкес, мемлекеттік сот орындаушылар акционерлік қоғамға тиесілі техникаларды тәркілей бастады. Алғашқы камаз автокөлігі аукцион арқылы сатылатын болады. Қарыз толық өтелгенше, өзге де мүлік тәркіленбек.
Асхат Жүнісов, Қостанай облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:
«Север-Птица» АҚ «Қостанай судың» алдында 50 мың теңге қарызын ғана жапты. Қалған қарызын өтеген жоқ. Сол себепті барлық жұмыстар әлі атқарылады. Қандай мүліктер табылады, жылжитын, жылжымайтын, соның бәріне тыйым салынып, ертеңгі күні сауда-саттыққа шығарылады. Біздің мақсат - «Қостанай судың» пайдасына 8 миллион теңгені тез арада өндіру.
Заңғар Санай, тілші:
Акционерлік
қоғамның «Қостанай судан» басқа, өзге де мекемелерге берешегі бар. Жарты жыл
бұрын прокуратураның араласуымен қызметкерлердің айлығы әрең төленген еді.