$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Психиатр мен психологтарға қаралатын қазақстандықтардың саны артқан

AstanaTV
13.12.2017ж. 20:00
4639
Психиатр мен психологтарға қаралатын қазақстандықтардың саны артқан

Статистикалық мәліметтерге сай, Қазақстанда психиатр мен психолог мамандарға жүгінетіндер 20 пайызға өскен. Бұл соңғы 3 айдағы көрсеткіш. Мамандар мұны әлеуметтік проблемалардың артып, күйзеліске бой алдыратындардың көбеюімен байланыстырады. Ал кей сарапшылар халықтың оларға жасқанбай баруын жақсылыққа балап отыр. Бұл жүйкесі тозғандардың артуы ма, әлде денсаулығына бей-жай қарамайтындар қатарының көбейгені ме? Әріптесім Дәуренбек Бақдәулет осы сұрақтардың жауабын мамандардың аузынан естуге тырысқан еді.

Психиатр мен психологқа келушілердің саны артуына орай, ақ халатылардың табысы да еселенген. Яғни түскен қаржы әдеттегіден көп. Мұны ҰЭМ қарасты статистика комитеті растап отыр.

Динара Алимова, ҚР ҰЭМ статистика комитетінің баспасөз хатшысы:

3-ші тоқсан бойынша ең үлкен көлемі психиатриялық ауруханалардың қызметі есебінен қалыптасты, оған 5 млн теңге шамасында қызмет көрсетілді.

25 жастағы Анисия - психолог маманның көмегіне жиі жүгінетіндердің бірі. Ол өмірде белгілі бір жетістіккке жету үшін, жан-дүниеңді түсінетін адаммен сөйлесіп тұру өте пайдалы деп есептейді.

Анисия Абилова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Көбінде адамдар белгілі бір депрессияға ұшырағанда психологтарға барып жатады. Мен депрессияға бейім адам емеспін. Бірақ, өзім көздеген мақсатқа жету үшін, психологтың көмегіне жүгінемін. Өзімнің белгілі бір эмоционалды толқыныстарымды жеңуге көмектеседі. Нәтижесі де жақсы, өзіңді сергек сезінесің.

Анисияның сөзін АҚШ-тан келген журналист Барбара Рейелтс те қолдайды. Жалпы Америкада түнде дұрыс ұйықтай алмай шыққан адамның ертесіне психологқа барып қаралуы - қалыпты үрдіс. Сондықтан ол жүйке саласы мамандарына жүгінгендердің артуы жақсылық деп отыр.   

Барбара Рейелтс, американдық журналист:

Мамандарға қаралушылардың көбейгені жүйке ауруымен ауыратындар артып келе жатыр дегенді білдірмейді. Керісінше, адамдардың санасы оянғаны деп білу керек. Дәрігерге уақытылы барғаны, шерін тарқатып сөйлескені жақсы. Қоғамда "егер адам психологқа қаралса, демек ол ауру" деген стигма жойылып келеді. 

Бұл ойды мамандар растайды. Еркімен келушілерден өзге әлеуметтік мәселе, қиындық, отбасындағы озбырлықтан шаршағандар да көбейіп келеді екен.

Анар Тастембекова, «Психикалық денсаулық проблемалары медициналық орталығының» бөлім меңгерушісі:

Психикалық аурулар әртүрлі, ол таңдамайды, мынадай жағдайда мына семьяда болады деп.  Психиатрға келетіндердің көбейгенінен қорқатын ештеңе жоқ. Ол жақсы. Себебі біз халыққа жақынбыз, олар бізге жақын.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Психология мәселесін жағрапияға бөліп қарап көрсек. Мысалы, шығыс елдерінің халқы қашанда күліп жүреді. Осылайша, жағымды аура қалыптастырады. Еуропа мен АҚШ тұрғындары жүйкесінде болмашы өзгеріс орын ала қалса, мамандарға жүгінеді. Ал, біздің қазақы менталитет темірдей төзімділікке бағытталғанын көбіміз білеміз. Алайда ауыруын жасырған өледі деген тағы бар.