Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбедегі газ құю бекеттері жүргізушілерден газ қондырғысының құжатын талап етеді

AstanaTV
25.12.2017ж. 20:00
2930
Ақтөбедегі газ құю бекеттері жүргізушілерден газ қондырғысының құжатын талап етеді

Ақтөбеде газ құю бекеттері жүргізушілерден газ қондырғысының құжатын талап етуге кірісті. Тиісті қағаз болмаса, қызмет көрсетілмейді. Бұл туралы газ тасымалдаушылар қауымдастығының мамандары мәлімдеді. Акция екі ай көлемінде жүргізіледі. Бұған көлік жүргізушілерінің газ қондырғысын рәсімдеуге асықпайтыны себеп болды. Өйткені қондырғылар санын білмегендіктен, өңірге қажетті газ көлемін дәл болжау мүмкін болмай отырған көрінеді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Облыста бұл ереже өткен сенбіден бастап енгізілді. Газ құю бекеттері көлік құжатында газ қондырғысы бары көрсетілген жағдайда ғана қызмет көрсетеді. Ал, ондай белгі болмаса, жүргізушіге газ берілмейді.

Бұл ережеге тұрғындардың көбі түсіністікпен қарауда. Айбек Айтжанов темір тұлпарына газ қондырғысын 3 жыл бұрын орнатқан. Құжаты заңды. Сондықтан еш кедергісіз көлігіне газ құйдырып алды.

Айбек Айтжанов, көлік жүргізушісі:

«Газ бермесе, амал жоқ, көрсетесің ғой. Басқа қалай аламыз оны? Белгілі инстанциялар білмейді - қанша машина, қанша газ керек қалаға. Олар тек көрсетілген қағазбен газ поставлять етеді. Ол қалған машиналарға жетеді, бәріне бірден қағаз көрсетілмегесін жетпейді. Сол үшін түсініп, көрсетіп жатырмын».

Газ құю бекетінің өкілдері құжатсыз жүрген жүргізушілердің ара-тұра болса да келіп жатқанын айтады. Дегенмен, кінә өздерінен болғандықтан, айқай-шусыз кетіп қалады екен.

Николай Панковский, газ құю бекетінің операторы:

Көліктің техникалық құжатын тексереміз. Онда газ қондырғысы бар деп көрсетілсе, газ құямыз. Ал, ондай белгісі жоқтарға құйылмайды. Барлығы түсіністікпен қарап жатыр.

Мамандар облыста газға көшкен көліктер 36 мыңның төңірегінде дейді. Алайда бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Жаңа басталған акция оларды дәл анықтауға септігін тигізеді деген жосрап барЯғни құжаттарын рәсімдеуге жүргізушілердің өздері мүдделі болмақ.

Алтынай Мұқанова, облыстық газ тасымалдаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Ертеңнен бастап айдың аяғына дейін темір жол және автокөлік арқылы тәулігіне 130 тоннадан газ әкелінеді. Облыстың бір күндік тұтыну көлемі 350 тонна. Газ жеткізуші компаниялардың қосымша тасымал көлемін сақтау үшін, осы акцияны бастап отырмыз. Яғни газ қондырғысын тіркемеген көліктерге қызмет көрсетілмейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұған дейін өңірде бірнеше мәрте газ тапшылығы сезілген еді. Жылдың басында аймақта газ тұтыну көлемі 5 200 тонна болса, желтоқсан айында министрлік 9 500 тонна деп бекітті. Мамандар, акция аяқталған соң оның көлемі тағы артуы мүмкін екенін, жоққа шығармайды.

Жақсыбек КЕМАЛ