Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жылу беруші компаниялар газ таратушылар алдындағы берешегін бірер күнде өтейміз деп отыр

AstanaTV
27.12.2017ж. 20:00
3683
Жылу беруші компаниялар газ таратушылар алдындағы берешегін бірер күнде өтейміз деп отыр

Алматы мен Тараздағы жылу беруші компаниялар газ таратушылар алдындағы берешегін бірер күнде өтейміз деп отыр. Ақтөбедегі Жылу электр орталығы да «ҚазТрансГаз Аймақтың» қарызынан құтылуға мүдделі. Бұл туралы "Астана" телеарнасына облыстық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және  энергетика басқармасының өкілі айтты.

Еске салайық, күні кеше энергетика министрі "ҚазТрансГаз Аймаққа" борышкерлердің артып, кейбірінің қарызы миллиардқа жеткенін айтып еді. Көгілдір отынға қарыз болған кәсіпорындар мәселені қалай шешуде?Аймақтардағы тілшілеріміз осы сұраққа жауап іздеген еді. Алдымен Алматыдағы әріптесім сөз алады. Ришат, газға ақы төлемей, берешек болған компаниялар қарызды қашан өтемек? 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Миллиард теңгеден астам қарызы бар кәсіпорындар арасында Алматыдағы «АлматыЖылуКоммунЭнерго» компаниясы  да бар. Коммуналдық мекеме «КазТрансГаз Аймақ» алдындағы берешегін алдағы екі күнде толық жабамыз деп уәде етіп отыр. Биылғы жылдың соңына дейін санаулы тәулік қалды.

Алматылық кәсіпорынның ресми өкілі Ян Гириннің бізге берген ақпаратынша, «АлматыЖылуКоммунЭнерго» кәсіпорына газ тасымалдаушы компания алдындағы 800 млн теңге қарызын жақында төлеген. Ертеңнен бастап қалған 276 млн теңге қаражат «КазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының есеп шотына аударылатын болады.

Ян Гирин, Алматы қаласы ТҮКШ және жылуэнергокешендерінің ресми өкілі:

Қараша айында Алматы жылу жүйелерінің газбен жабдықтаушы компания алдындағы берешегі 1 млрд 76 млн теңге болды. Өткен екі тәулікте «АлматыЖылуКоммунЭнерго» кәсіпорны осы қарыздың 800 млн теңгесін төледі. Ал қалған қарыздарды толықтай өтеуге екі-үш күн сұрап отырмыз. Қарыздың қордалануына тұтынушылардың коммуналдық қызмет ақысын уақытында төлемегені себеп болды.

Кәсіпорын өкілдері қысқа мерзімде қомақты қаражатты қайдан тауып төлегені туралы ақпарат бермеді. Айта кетейік, аталған коммуналдық мекеме Алматы қаласының 30 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Оның қарамағында тек газбен жұмыс істейтін 78 қазандық бар.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сол сияқты Алматыдағы жылу кешендерінің бірі «Алматы жылу желісі» акционерлік қоғамы да жылды қарызбен жапқалы отыр. Ян Гириннің мәліметінше, кәсіпорынның дебиторлық қарыздары 1 млрд 264 млн теңгеге жуықтайды. Оның негізгі бөлігі тұтынушылардың жылуға қарызды өтеуге асықпауынан қордаланған. Ал заң бойынша жыл маусымында борышкерлерді жылудан қиюға болмайды. Кеше министр Алматыдан өзге бірнеше аймақтың осы салада қарызы қордаланып қалғанын айтқан болатын. Солардың бірі - Тараз қаласында берешек 178 миллионға жеткені айталған. Өңірдегі әріптесім Данияр Әлімқұл қазір мәселенің анық-қанығын жеткізбекші. Данияр, сөз кезегі өзіңде?!

Данияр Әлімқұл, тілші:

Тараздағы жылу тарататын «Энергоорталығы» 2 күнде қарызымыздан құтыламыз,- дейді. Алайда, олар министр Қанат Бозымбаев баяндағандай берешек ақының 178 млн теңге екенін жоққа шығарды.«ҚазТранс Газ Аймаққа» қарызымыз 60 млн теңгенің айналасында» деп отыр. 

Айтуларынша, қараша айының қарызы желтоқсанның 20-сы күні жабылуы тиіс болған. Бірақ, заңды тұлғалар жылу төлемін бір апта кешіктіргені үшін, газ беруші тарапқа төлейтін қаражат жиналмапты.

Малик Өтегенов, «Тараз энерго орталығы» ЖШС президенті:

178 млн теңге деген сома - ескі сан. Біз оның 112 млн теңгесін төлеп қойдық. Қазір қалған қарызымыз бар болғаны 66 млн 514 мың теңге. Оны 2 күнде толық төлейміз. Бұл жерде бір мәселені айтқым келеді. «ҚазТрансГаз Аймаққа» қарасты «ИнтерГаз Орталық Азия» компаниясы бізге электр энергиясы үшін 13 млн теңге қарыз. Сондықтан бұл сома 66 млн теңгеден алынып тасталуы тиіс.

Аталған серіктестік Тараз тұрғындарының 80 пайызын, яғни 50 мыңдай абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, тұтынушылар қатарында 800-ден аса мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғалар тағы бар.

Жылу энергия орталығы қуат көзін де өндіреді,мұнда жылына 100 млн киловатт сағат электр энергиясы шығарылады. Жылыту маусымында «Тараз Энерго Орталығы» ай сайын газ жаққаны үшін «ҚазТрансГазға» 368 млн теңге төлеп отыр. Көгілдір отынға қарызды өтеу, Ақтөбе облысында да қолға алынған. Аймақтағы әріптесім қазір процестің қалай жүріп жатқанын баяндамақшы. Жақсыбек, сөз сөзіңде! 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иа, Данияр! Біздегі «Ақтөбе ТЭЦ» мекемесінің «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына берешегі 476 миллион теңгені құраған еді. Дегенмен, қазірге дейін ол қарыздың бір бөлігі өтеліпті. Ал, қалғаны айдың соңына дейін берілмек. Мұндай ақпаратпен облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасы мамандары бөлісті. 

Басқарма дерегінше, мекеменің ай сайынғы шығындары бақылауда. Сондықтан алаңдауға ешқнайда негіз жоқ, деп сендірді.

Дастан Аманов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

70 миллион теңгені кеше ғана жібердік. Бізге бір айға есептелген қарыз көлемі беріледі. Желтоқсан айына оларға тағы жаңа есеп түседі. Ағымдағы шығындар осылай айнала береді. Сондықтан бізде мұнымен мәселе жоқ. Барлық шығындарымызды бақылап отырамыз.

«Ақтөбе ТЭЦ» - өңірдегі ең ірі газ тұтынушы мекеменің бірі. Қыс мезгілінде көгілдір отын әдеттегіден көп жағылатыны белгілі.  Салаға жауапты мамандар: «Ағымдағы қарыздың көлемі аз болмауы да сондықтан», - дейді. Біздегі бар ақпарарт осы, Ләйла.

Рахмет. Естеріңізге салайын бізбен аймақтардағы тілшілеріміз байланысқа шығып, жылу беруші мекемелердің газға берешегі туралы баяндады.