Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда жәбірленушілерге қаржылай көмек беретін қор құрылады

Қазақстанда жәбірленушілерге қаржылай көмек беретін қор құрылады

Қазақстанда жәбірленушілерге қаржылай көмек беретін қор құрылады. Бұл туралы тиісті заң жобасы Сенатта бірінші оқылымда мақұлданды. Бір реттік көмек зардап шеккендерге үш санат бойынша төленеді. Мұндай "жәрдем-қаржыны" педофилден зорлық-зомбылық көрген кәмелеттік жасқа толмаған балалар, адам саудасының құрбандары, иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар ала алады. Егер жәбірленуші қаза болған жағдайда, ақша оның туыстарына беріледі.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бір жылда бұл қорға 1 млрд теңге түседі деп жоспарланған. Оның 700 млн төлемге жұмсалады. Өтемақы көлемі 5-30 АЕК аралығында. Қорға бюджеттен арнайы ақша бөлінбейді. Ондағы қаражат сотқа тартылған адамдардан өндірілген айыппұлдардан, еңбекпен жазаланғандардың табысынан, тағы да басқа төлемдерден құралмақ. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі: 

Бұл қорға 5 көз көзделген, 5-30 АЕК төлемдер жиналады, келесі жылдың 1 шілдесінде қор ашылады. Жарты жылдан кейін төлемдер басталады.