Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығын бастады

AstanaTV
03.01.2018ж. 20:00
4930
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығын бастады

Қаңтардың 1-нен бастап 31-не дейін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығын бастады. Бұл біздің әлемдік аренадағы мәртебемізді тағы бір мәрте асқақтатпақ. Орта Азия елдері ішінде мұндай дәрежеге бір де бір мемлекет жеткен жоқ. Төрағалық аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Президент ядролық қаруды таратпау жөнінде баяндама жасайды. Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның бастамасымен алғаш рет Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің байрақтарын ресми түрде орнату рәсімі өтеді. Сонымен қатар ресми Астананың Кеңеске төрағалығы аясында еліміз Ирандағы жағдайға қатысты өз ұстанымын білдіреді. Бұл туралы БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді.

Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:

Біз Иранда болып жатқан оқиғаларды жіті қадағалап отырмыз. Ол біздің көршіміз. Сондықтан барлық тараптар зорлықтан бас тартады деп үміттенеміз. Мәселені бейбіт жолмен, дипломатиялы түрде шешу амалдарын табу керек. Біз үкімет пен оппозиция арасында сенім мен диалог орнатуға мүдделіміз. Иран билігі қарсылық білдірушілермен ортақ мәмілеге келеді деген үміттеміз.

2 қаңтар күні БҰҰ ҚК Қазақстан төрағалығының бағдарламасын қарастырды. 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді. Ол «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбын арқау етпек. 19 қаңтарда - «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында пікірталас болады. Және 25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» талқыланады деп жоспарланған. Аталған шара БҰҰ мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде өтеді.