$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Иран тарапы қақтығыстарға АҚШ, Ұлыбритания мен Эр-Риядты кінәлап отыр

AstanaTV
03.01.2018ж. 20:00
2422
Иран тарапы қақтығыстарға АҚШ, Ұлыбритания мен Эр-Риядты кінәлап отыр

АҚШ Иранда болып жатқан жағдайға орай шұғыл түрде БҰҰ-ы Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізуге ниетті. Бұл туралы ұйымның тұрақты өкілі Никки Хейли мәлімдеді. Ал Иранда үкіметке қарсы көтеріліс әлі жалғасып жатыр. Ереуілшілер экономикалық ахуал мен билікке наразы. 20 шақты адам қақтығыстың құрбанына айналды. Иранның қауіпсіздік кеңесі бұл жағдайға орай Вашингтонды, Лондон мен Эр-Риядты ашық кіналап отыр. 

Бүгін ереуілшілер саны бірнеше мыңға артты. Тегеран, Мешхед, Исфахана, Решеттен бөлек, жаппай тәртіпсіздік Ахваз, Бушир, Илам мен Хорремабатта жалғасты. Қарсылық білдіргендердің нақты саны ресми айтылған жоқ. Алайда қалың нөпірге қарап, олардың саны 10 мыңдай деп болжауға болады.

Иран билігі бірнеше күн өткен соң бір-ақ үн қатты. Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі қарсылықтың артында АҚШ, Британия және Сауд Арабиясы тұр деп ашық айтты. Иранның діни көшбасшысы Хаменеи аятолла сыртқы күштердің әсері бар десе, президент Хасан Рухани ішкі проблемаларды мойындайды.

Әли Хаменеи, Иранның діни жетекшісі: 

Соңғы күндер Иранның дұшпандары ақша, қару саясат, барлау - барлығын қолданып, қарсы шығып жатыр. Бұл қолында ақшасы, қаруы, барлауы мықтылардың істеп отырғаны.

Хасан Рухани, Иран президенті:

Менің ойымша, көшедегі жағдай қауіптің барын көрсетеді. Біз мұны мүмкіндікке айналдыра білуіміз керек. Проблеманы түсінуге тырысу керек. Барлығын бірдей шет елдіктер басқарып отырған жоқ. Жұмыссыздар да бар.

Руханидің сөзінің жаны бар. Ядролық бағдарлама келісіміне қатысты кейбір санкцияларды алып тастағанға қарамастан, Иранда жұмыссыздық 30 пайызды құрайды. Былайша, ирандықтардың үштен бірі жұмыссыз. Ереуілшілер азық-түлік бағасының 50 пайызға өсіп кеткенін де алға тартады. Сыртқы күштердің әсерін де жоққа шығаруға болмайды.  Мына плакаттағы жазбалар "Диктаторға өлім" дегенді білдіреді. Дональд Трамптың Твиттердегі жазбасынан көп нәрсені аңғаруға болады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Иран барлық жағынан құлдырап барады. Обама әкімшілігімен жасалған қисынсыз мәмілеге қарамастан, ұлы Иран халқы бірнеше жыл репрессиядан зардап шегіп келеді. Халық бостандықты қалайды. Иранның байлығы тоналуда, адам құқы тапталып жатыр. Өзгеретін кез келді!

АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жинауға ниетті. Тұрақты өкіл Никки Хейли журналистерге Ирандағы жағдай жаппай сипат алып барады дейді.

Никки Хейли, АҚШ-тың БҰҰ тұрақты өкілі:

Иранның диктаторлары әдеттегідей елге қарсы күштер ұйымдастырды деп айтуға тырысып жатыр.  Мұның миға қонымсыз екенін білеміз. Ереуіл ойламаған жерден шықты. Бұл ұзақ жыл басылып келген халықтың диктаторға қарсы шығуы.

Жергілікті БАҚ, 20 адам қаза болды, 450-і ұсталды, деп хабарлайды. Қарсылықтың әзірге басылатын түрі жоқ. Жағдай Таяу Шығыстағы бірқатар елдерде болған «араб көктемін» еске түсіреді.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Біздің байқауымызша, Иран билігі митингтерді міндетті түрде ескеріп, өзгеріс қажеттігін түсінуі керек. Араб елдерінде элита бұған мән бермеді.  Ақырында, саяси жүйені төңкеруге дейін апарды. Кейбір елдерде азаматтық соғысқа ұласты.

Қарсылық көрсетушілер күнде әрқилы ұрандайды. 28-желтоқсанда азық-түлік бағасының өсуіне қарсы шыққан. Қазір кең тарағаны  «Диктаторға өлім» ұраны болып тұр.