$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда көлікті мемлекеттік тіркеу тәртібі өзгерді

AstanaTV
05.01.2018ж. 20:00
4512
Қазақстанда көлікті мемлекеттік тіркеу тәртібі өзгерді

Қазақстанда автокөліктерді мемлекеттік тіркеуге қоюдың тәртібі өзгерді. Биылдан бастап күшіне енген «Салық туралы» кодекстің жаңа редакциясында бұл жайлы толығырақ айтылған. Мәселен, көлікті 30 тәулік ішінде есептен шығарып, қайта тіркеу кезінде төленетін алымдар енді болмайды. Ал, мемлекеттік номерді жоғалтып алған жағдайда, төленетін салық екі есеге қысқарған. Еліміздің ең ірі қалалары Алматы мен Астанада тілшілеріміз тіркеу тәртібін өз көзімен көріп қайтқан еді. Алдымен, Ришат Асқарбекұлы сөз алады. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Салық кодесіне сай жүргізуші жаңадан алған көлігіне бұрынғы мемлекеттік номерді қайтадан еш кедергісіз таға алады. Ішкі істер министрлігі оны бір айға дейін сақтауға да мүмкіндік беріп отыр. Бұл қызмет үшін тіркеу мекемелері ақы алмайды. Ал бұрын көлікті 30 тәулік ішінде қайта тіркеуге қойған жағдайда 6 798 теңге салықтық алым алынатын еді.

Нұрлан Аманбек, Алматы қаласы ІІД әкімшілік полициясының бөлім басшысы:

Егер ол кісі 30 тәуліктен кейін келсе, жаңағы номерін біз, мысалы, жойып жібердік делік. Ол арызбен шағымданса, қаражатын төлеп болған соң, қайтарып береміз. Ол жерде ешқандай номер бөлінбейді. Өз атындағы номерін өз көлігіне тіркей береді.

Үш тәулікте 200-ден астам адам мемлекеттік номерлерін арнайы сақтау қоймаларына өткізген. Олар көлікті қайта рәсімдеген соң, өзіне тиеселі номерлерді қайта пайдалана береді. Сондай-ақ автомобильдің мемлекеттік номерін жоғалтқан жағдайда төленетін алымдар да екі есеге қысқарды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматы елімізде көлік саны жөнінен алдыңғы орында. Шаһарда 500 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Ал тек өткен жылы 188 мың темір тұлпар  жаңадан тіркеуге қойылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға көп. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері, бұл өзгерістерден көпшілік әлі де бейхабар дейді. Сондықтан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заңдағы өзгерістерді астаналықтар қалай қабылдады. Бұл туралы әріптесім айтуға дайын. Диана, сөз кезегі өзіңде. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Иа, Ришат, Елордадағы көлік иелері де Салық кодексіндегі кейбір нормалардың өзгергеніне риза. Солардың бірі - көлік жүргізуде 15 жылдық тәжірибесі бар Самат. Заңдағы өзгерістердің тиімді тұстары көп дейді.

Бұрын егер көлік құралының бір бөлігі жоғалса немесе жарамсыз болса, азаматтар мемлекеттік баж салығын төлеп, автокөлікті толықтай қайта тіркеуі керек болатын. Ал заңдағы толықтыруға сәйкес ондай жағдайда енді салықты аз төлейді.

Самат Орынбаев,  жүргізуші:

Машақаты да аз. Ақшаны да аз төлейсін. Барлық тірлігінді тез бітіріп, бәрін сол автоцонда бітіріп кетесін.

Жүргізушілер қауымдастығы Салық кодексіндегі өзгертулер аз да болса автомобилистердің  қалтасы үшін қолайлы дейді. Алайда, бұл өзгерістер қарапайым нөмірі бар жүргізушілерге қарағанда, ВИП нөмірлері бар азаматтардың жағдайын жеңілдетіп отыр.

Руслан Лазута, "ОСА" ҚБ жетекшісі:

Мемлекет жүргізушілер қауымының уәжіне құлақ асты. Салық кодексіндегі бірқатар нормаларды жеңілдетті. Бұрындары көліктің нөмірі жоғалса немесе ауыстыратын болса, қайта тіркеу процесстері мен салық қалтаны қағатын. Ал қазіргі өзгертулер салықты төмендетіп, әсіресе ВИП нөмірі барларға ыңғайлы болып отыр.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпарынша, жылына орта есеппен 2 мыңға жуық азамат мемлекеттік тіркеу нөмірінің дубликатын жасатады. Оған кететін шығын шамамен 11 миллион теңгені құрайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Ал бұдан былай көліктің бір нөмірін жасатуға жүргізуші бұрынғыдай 6 734 теңге емес, 3 367 теңге төлейтін болады. Бұл жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік иелері тарапынан қосымша шығындарды алып тастау мақсатында жасалған өзгеріс.