$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізуге ниетті

04.02.2026ж. 19:00
Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізуге ниетті. Сол үшін бірлескен декларацияны қабылдап, 18 құжатқа қол қойды. Мұның барлығы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға бағытталған.  Қазақстан Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесімен тағы қандай келісімдерге келді? Мемлекеттік сапардың екінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев кімдермен кездесті? Сюжеттен көріңіз.

Пәкістанға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші күні Премьер-министрінің резиденциясына атбасын тіреді. Президентті Шахбаз Шариф күтіп алды. Қос тарап бірге суретке түсіп, екі елдің әнұранын шырқады. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін Мемлекет басшысы нысанның аумағына ағаш отырғызды.

Артынша шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады.  Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Пәкістанға бірінші рет келді. Бұл сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір Астана мен Исламабад екіжақты байланысқа тың серпін беретін мүмкіндікке ие. Осы жолғы сапардан кейін ынтымақтастық одан әрі беки түседі деген ниет бар. Өйткені тараптар түрлі саланы саралады, әсіресе, көлік бағытына басымдық берілді. Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін.

Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру саласындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жетеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын.

Қазақстан мен Пәкістан өзара тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ниетті. Мұндай мақсаттың болуы бекер емес. Былтыр қос тарап арасындағы айналым екі есе ұлғайып, 105 млн АҚШ долларына жеткен.

АЙТМҰХАМЕД АЛДАЖАРОВ, «QAZTRADE» САУДА САЯСАТЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бүгін мемлекеттік деңгейдегі маңызды кездесулер өтті. Тауар айналымын ұлғайтатын ауқымды құжаттарға қол қойылды.

Расымен, қос тарап екі елдің де экономикасына дем беретін келісімдерге келді. Сонын бірегейі - Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация. Бұдан бөлек, тағы 18 құжатқа қол қойылды.