Бірнеше адамның өліміне соқтырған «Almaty tоwers» бизнес орталығындағы өртке қатысты сот аяқталуға жақын. Куәгерлер сұралып бітті. Өткен жолы судья өрт тұтанғанда сыртқа қашып шыққан екі студенттен жауап алған болатын. Бүгін бизнес орталығының техникалық қауіпсіздігіне жауапты инженер сұралды. Жанат Қалышев биік ғимаратта өрт кезінде белгі беретін дабылдың жұмыс істемегенін растады. Құрылғының істен шығуы адамдардың қамалып қалып, ысқа улануына себеп болуы мүмкін.
Жанат Қалышев, кешеннің техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері:
Ғимарат ішіндегі бөлмелердің төбесі өте биік. Өрт қаупін ескертетін құрылғылар сонда орналасқан. Ыстық жеткенше, ол жұмыс істемейді. Ал өрт жайында дыбыстық белгі беретін қондырғы болмаған. Оның үстіне «Батут» орталығында поролондар, маталар, өзге де тез тұтанғыш заттар көп еді. Олар тез жана бастаған деп ойлаймын.
Еске салайық "Almaty
tоwers" кешеніндегі өрт 2016 жылы
қарашада орын алған. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Оның бесеуі - Алматыдағы ЖОО
студенттері. Бұл іс бойынша Батут орталығының бұрынғы директоры Дәурен Тұяқов
пен ғимаратта дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Александр Жук айыпталып жатыр.