$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қосымша медициналық білім беру ұйымдарын бақылау күшейеді

18.02.2026ж. 12:00
Қосымша медициналық білім беру ұйымдарын бақылау күшейеді
фото: gov.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізбесін қалыптастырудың жаңа қағидаларын бекітті. Қабылданған шаралар медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және білім беру алаңдарын бақылауды күшейтуге бағытталған. Енді ұйымдардың тізбесін уәкілетті орган: дәрігерлерді оқытуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін және орта медициналық персоналды даярлауды қамтамасыз ететін ұйымдар үшін екі бағыт бойынша бөлек қалыптастырады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Тізбеге енгізудің міндетті шарты – қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асыру ұйым қызметінің түрлеріне кіретінін растайтын құқық белгілейтін құжаттардың болуы.

Жаңа талаптар білім беру орталықтарының инфрақұрылымы мен ресурстық қамтамасыз ету өлшемшарттарын едәуір күшейтеді. Міндетті аккредиттеуден, бекітілген оқу бағдарламаларынан және халықаралық ақпараттық дерекқорларға қол жеткізуден басқа, ұйымдар қосымша шарттарға сай болуы керек.

Олардың ішінде, білім беру қызметіне лицензияның және (немесе) ғылыми ұйым мәртебесінің, өзінің клиникалық базасының не тыңдаушыларды практикалық даярлау үшін аккредиттелген медициналық ұйымдармен шарттардың болуы. Сондай-ақ заманауи симуляциялық жабдықтың, зертханалық базаның, компьютерлік технологиялардың міндетті түрде болуы және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылуы көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігі көшпелі тексерулерді қоса алғанда, ұйымдар қызметінің жүйелі мониторингі арқылы тізбені тұрақты өзектендіруді қамтамасыз етеді.

Жаңа нормаларды енгізу білім беру орталықтарын іріктеудің ашық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді және медицина қызметкерлерінің қажетті ғылыми әлеуеті, заманауи жабдықтары және толыққанды клиникалық базасы бар ұйымдарда ғана біліктілігін арттырудан өтуін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.