$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Онлайн казино ұйымдастырушысы Грузиядан экстрадицияланды

18.02.2026ж. 13:34
Онлайн казино ұйымдастырушысы Грузиядан экстрадицияланды
фото: pixabay

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті онлайн казино түріндегі заңсыз ойын бизнесіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 

Ойын платформасының жұмысы үшін мыңнан аса құмар ойын ойнауға мүмкіндік беретін bingo37.pro сервисі пайдаланылған. Олардың қатарында Crazy Monkey, Keno, Euro Game және басқа да танымал ойындар бар. Ойыншылар Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы тартылған.

Онда жарнама, сурет, видеолар, түрлі акциялар мен бонустар туралы ұсыныстар таратылып, күдіктілер жеңіл әрі жылдам ұтысқа қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптастырған. Ақша аударылғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логин мен құпиясөз берілген.

Ойыншылардан қаражат қабылдау және қаржыны жасыру мақсатында күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын, яғни дроперлерді тартқан. Олар Қазақстан аумағына әдейі келіп, банк шоттары мен нөмірлерді тіркеп, кейін оларды пайдаланбай, ұйымдастырушыға тапсырған.

Дроперлердің атына тіркелген шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден аса қаражат түскен.2025 жылы тамызда Бахтияр Оглы Р.-ға халықаралық іздеу жарияланып, сот сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

2026 жылы қаңтарда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Сонымен қатар, басқа адамдардың атына рәсімделген Porsche Cayenne және Lexus GX 460 көліктері сот қаулысымен мемлекет кірісіне тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.