Қызылжарда
газ қымбаттауы мүмкін. Тұрғындарды газбен қамтамасыз ететін кәсіпорын өнім
бағасын 76 теңгеге көтермек. Қазір халық текше метріне 490 теңге төлеп отыр. Ақпаннан бастап ол 566 теңге болуы ықтимал. «Горгаз-сервис» серіктестігі
монополияға қарсы агенттікке осындай өтініш жолдаған.
Соңғы рет газ бағасы өткен
жылы шілдеде 14 пайызға қымбаттаған. Алайда, жаңа тариф монополистерге аздық
етсе керек. Кәсіпорын өкілі шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтады. Тарифті өсіру
бойынша ұсыныс беруге ақтөбелік СНПС компаниясының өнім құнын көтеруі себеп
болған. Монополияға қарсы агенттіктің шешімі қаңтардың аяғында шығуы тиіс.
Өңірде көлікке құятын газдың құны да біршама өскен. Бекеттерде сұйылтылған газ
құны 5 теңгеге қымбаттап, 73 теңгеге жетті.
Олег Иванов, «Горгаз-Сервис» ЖШС директоры:
Қысқы мезгілде газбен қамтуды тоқтатпас үшін, пропанның 1,5 мың тоннасын қарызға алдық. Енді оны өтеу керек. Егер жаңа тариф бекітілсе, 2018 жылы 24 миллион теңге пайда табамыз деген жоспарымыз бар. Осының есебінен қарызды жауып, жұмысшылардың жалақысын көтерсек дейміз.
Дәл осындай жағдай Батыс Қазақстанда да байқалып отыр. Газ құю стансалары өнімді 75 теңгеден босатуда. Өткен жылы осы уақытта да газ бағасы шарықтап, артынша 10 теңгеге арзандаған болатын.
Мамандар ол кезде сұйық отын құнының құбылуына Энергетика министрлігінің бағаны еркіне жіберу туралы бұйрығы себеп болған дейді. Ал, биылғы баға 73-75 теңге аралығында қалатын сыңайлы.
Бейімбет Мусин, БҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі уақытта газ көлемі жеткілікті. Облысымыздың газды орташа тұтынуы 2500-3000 тоннаны құрайды. Сатылуы тұрақты, кептеліс байқалмайды. Енді бағаның түсуі мен көтерілуі туралы жоспарлау қиын.