Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Президент Жолдауы. Кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектердің ата-аналарына мемлекеттік жәрдемақы төлене береді.

AstanaTV
13.01.2018ж. 20:00
2438
Президент Жолдауы. Кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектердің ата-аналарына мемлекеттік жәрдемақы төлене береді.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» - сейсенбіде Президент кезекті Жолдауы туралы телеарналардан аңдатпа жасады, сәрсенбіде баспасөзде жарияланды. 

Түбегейлі өзгерістер басталып кеткен заман. Енді бір шамалы уақыттан соң қиял көрінетін дүниелердің жаппай іске асатын түрі бар. Президент Жолдауы да былай басталады: Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде. 

10 міндетті саралаған. Бүгін мына мәселелерге тоқталғым келеді. Парламенттік тілші болып жүргенде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар деген категория туралы талай материал жасап, оның шын мәнінде өңі айналдырылған жұмыссыздық екенін талай жаздық... Президент: «мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды... 
Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», 
деді. Бірінші тоқталғым келгені осы. 

Екінші. 2018 жылдың 1-шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізу тапсырылды.

18 жастағы Диананың бар әлемі – анасы, сосын мынау ноутбук. Церебралды параличпен ауыратын оның бар көретіні анимациялық фильмдер. Анасы Мәдинаның оқып беретін кітаптарын мұқият тыңдап, жымияды. Тұңғышын ерекше сезіммен, жүрекпен түсініп, тәрбиелеп келе жатқан анасы бастарынан қанша қиындық өтсе де, жолдасы екеуі жұрттың: қыздарыңды арнайы интернатқа өткізіңдер дегендеріне қарамай, барлығына төзіп келеді. 1- топтың мүгедегін бағып, қағудың шын мәнінде азап екенін мен жақсы түсінемін... Оларға аз да болса, ақша төлеу расында, жүректі жылытады. Мәдина да көзіне жас алып тұрып, қуанып қалды. 

Мәдина Бисенова, 1-топтағы мүгедек баласы бар ана:

Мұндай балаға қарау - оңай емес. Бір баланың өзі бес балаға татиды. Әрбір анаға осындай балаға қарағанына бір статус берсе екен. Осы ата-аналарға шамалы көніл бөлініп, ең болмағанда айына бір рет бір психолог үйге келіп тұрса екен дейміз. Психологпен біз сөйлесуіміз керек. Мысалы, ата-аналар нервный, анау-мынауды көтере алмаймыз, шынын айтқанда. Әшейін өзімізді басып отырамыз, осы балалар үшін. Мен болмасам оған кім қарайды? Өтікізіп жібереді, мысалы. Кезінде өткіз деген. (жылайды) ...28 мың деп жатыр ғой. Оған да шүкір. Ол да да бір бізге шамалы көмек. Бұл да неше жылда келіп жатқан көмек қой. Сосын мен кеше тыңдағанымда, бізге пенсионный жүреді екен, соны түсіндім. Шамалы содан ұстап қалып, пенсионный фонд жүреді екен. Ол да жақсы ғой. Бірінші айлығымыз, шүкір, рахмет оған да.

Мәдинаның шүкіршілік қылатыны, 2015 жылы осы Дианасы үшін 3 бөлмелі пәтер алған. Дегенмен проблема бітсін бе. Оның үстіне, кейбірі қолдан жасалғандай. Туғаннан мүгедек баланы неге екі жыл сайын комиссиядан өткізіп, сандалтады?

Мәдина Бисенова, 1-топтағы мүгедек баласы бар ана:

Бұл балаға ешкім тамақ бере алмайды, өзім көтеремін, өзім шомылдырамын, өзім массаж жасаймын. Салмағы 40 килограмм. Папамыз бар, Құдайға шүкір. Бірақ ол жұмыста. Қолы тимейді. Менің көмегімсіз ештеңе істей аламайды, шынын айтқанда. Мынау ғой, басын ұстай алмайды, отырмайды. Жұмысқа мен шыға алмаймын. Қызды бір сағатқа қалдыра алмаймын... Денсаулық сақтау министрлігіне қоятын сұрақ бар. Екі жылға берді. Мысалы, мына бала көрініп тұр, неге өмір бақи бермейді осы мүгедектікті? Екі жыл сайын өтеміз, екі жыл сайын комиссия, екі жыл сайын барлық анализ тапсырады екенбіз. Бала көрініп тұр ғой...

Апта ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова кәмелетке толған, бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға ай сайын 29 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленетінін хабарлады.

«Бүгінде елімізде мүгедек баласы бар 77 мыңдай отбасы ай сайын 29 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып отыр. Ол жәрдемақы 18 жасқа дейін төленеді. Ал енді шілдеден бастап кәмелетке толған бірінші топтағы мүгедектер үшін бұл төлем жалғаса береді. Жәрдемақы көлемі сол шамада қалады. Қосымша мемлекеттік жәрдемақыны 14 мың отбасы алатын болады", — деді Жақыпова.