$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Еліміздің қалаларына «ақылды технологиялар» келді

AstanaTV
16.01.2018ж. 20:00
3327
Еліміздің қалаларына «ақылды технологиялар» келді

«Сандық Шығыс» бағдарламасы аясында Өскемен және Семей шаһарларында «Қауіпсіз ақылды қала» жобасы іске қосылды. Бұл жоба жолдағы ғана емес, адамдар көп жиналатын орындар мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал, Қарағандыда ақылды гаджеттердің көмегімен коммуналдық қызмет саласының жұмысын күшейту көзделіп отыр.

Пристань шағын ауданының тұрғындары жаңа жобаның іске қосылғанына мәз. «Ақылды қала» бағдарламасының арқасында аула маңының қауіпсіздігі күшейтілген. Үй алды түгел жарықтандырылып, подъездің іші мен сыртына бақылау камералары орнатылыпты. 

Ольга Рыбалова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Мектептен баламмен қайтқанда ауламыздың жарықтандырылғаны қуантады. Ойын алаңқайлары да жабдықталған. Әр аулада әртүрлі. Подъездерге бақылау камералары қойылған. Мұндай болады деп армандаған да жоқпыз. Қуаныштымыз. 

Жобаның алғашқы кезеңі энергияны үнемдейтін жарықтандыру жүйесін де қарастырған. Қала бойынша 17 мың шам ауыстырылмақ. Бұған 5 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Ал, қарағандылықтар ақылды гаджеттің көмегімен коммуналдық қызметтің жұмысын күшейтуді көздеп отыр. Сөйтіп, бұл сала бірыңғай үйлестіру орталығына біріктірілмек.

Алмас Айдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Бізде бірыңғай үйлестіру орталығы бар. Апат болған жағдайда ол бірден ақпарат береді. Мысалы, құбырлардың бірінде қысымның түсіп кеткенін көреді. Содан кейін ПИК жүйесі арқылы шағымдар легін көреді. Бұл оқиғалар өзара салыстырылады. Қызмет көрсетуші анықталып, жөндеу бойынша жедел қызметке хабар түседі. Яғни барлық тетіктер өзара сарапталған ақпаратты береді. Міне, нағыз Смарт. 

Биыл бірыңғай басқару компаниясына ортақ телефон нөмірі бар 15 мың пәтер біріктірілді. Оператор тұрғындардан түскен шағымды сараптап, оған тиісті маманды жібереді. Пилоттық жоба тиімді болса, оны облыс аумағына енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, қалалық қоғамдық көліктерді GPS бақылауына алу да көзделген. Бұл ретте ескі коммуналдық желілер мен автопаркті жаңарту ісін аяқтау қажет.