Борышкерлер
салық немесе өзге де қарызын әуежайдағы терминал арқылы төлеп, ары қарай
қалаған жағына ұшып кете алады. «Ақылды құрылғылар» тиімділігін барынша
дәлелдеп отыр. Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына арналған баспасөз
мәслихатында Әділет вице-министрі Жанат Ешмағамбетов айтты.
Ақпаратқа
сай, төлем терминалдары арқылы 150-ге
тарта адам берешегінен құтылған. Әзірге мұндай терминалдар бес халықаралық
әуежайда орнатылған. Олар Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтаудағы
нысандар. Жақында барлық халықаралық әуежайлар осындай құрылғымен жабдықталады.
Мұндай қызмет түрі аса ыңғайлы. Қарыз
жылдам төленумен қатар, борышкердің шетелге
шығуына қойылған шектеу бірнеше минут ішінде алынып тасталады. Қарызды
өндірудің өзге де тиімді тәсілдері қаралып жатыр екен.
Жанат Ешмағамбетов, ҚР Әділет вице-министрі:
Банкоматтар
арқылы онлайн төлем жүргізу бойынша Центркредитбанкпен тестілік режимде сынақ
жүргізіп жатырмыз, нәтижесі жаман емес, барлығы ойдағыдай болса, жүйеге өзге де
екінші деңгейлі
банктерді қосу жоспарланған. Мұның тиімділігі - сот орындаушылар борышкердің
банктік есепшоты туралы мәліметті жедел біліп отырады, әрі ақша өндіру
анағұрлым жеңілдейді.