Апта басында Парламент Мәжілісіндегі үкімет сағатында сот сараптамасы сөз болған. Вице-спикер В.Божко барлық облыста дерлік діни, молекулярлық-генетикалық, портретті, электроникалық, ихтиологиялық және басқа да сарапталамаларды тағайындауда проблема, проблема және проблема екенін айтты. Кадр жоқ. Ал оның ішіндегі сот-медициналық сараптамаға келсек, жағдайды депутат З.Аманжолова, ол кезінде Алматының денсаулық сақтау басқармасын басқарған, «катастрофа» деп сипаттады. Бұл салада да маман тапшы. 175 ауданның 92-інде сот-медициналық сарапшылар жоқ. Үстемелейтін мысал - қызмет бабында 56 дәрігер мен медбике туберкулез, 26 қызметкер вирусты гепатит жұқтырған. Мардымсыз жалақыны қосыңыз. Мәселені бетінен қалқымай, тереңдеп қазайық деп, облыс орталықтары мен Алматының сот-медициналық сараптама орталықтарынан интервью жазып, видеоға түсіруге рұқсат сұрадық. «Рұқсат жоқ», деді. Рұқсатты бермей отырған өздері бағынатын Әділет министрлігі болса керек. Бірақ біз жағдайды білеміз. Осыдан бір жылдай бұрын, 2017 жылдың наурызында ахуалдың «аһ» ұратындай екенін жасырмай айтқан, сол кезде үлкен материал жасағанбыз. Оның үстіне мәселені депутаттар да бүгіп қала алмай, талай нәрсе айтты. Ришат Асқарбекұлының материалы.
Мына кадрлерге қарап тұрып, өзіңді өткен кезеңде қалып қалғандай сезінесің. Бұл Алматыдағы орталық мәйітхананың бүгінгі шынайы көрінісі. Мына жерде өмірден өткен адамдардың мүрдесі сақталады. Ал одан таяқ тастам тұста сот-медициналық сараптама жасайтын мамандар еңбектеніп жатады...
Алқа-салқасы шыққан бұл мекеме 1915 жылы адамдардың мәйітін сақтау үшін қаланың сыртына салынған. Уақыт өте келе сұрықсыз мекеме шаһардың орталығына ығысады. Сарапшылардың жұмыстан соң жуынып-шайынатын орны мен жалғыз дәретхананың сыйқы да адам шошырлық. Дәлізбен кішкене жүргенде 20 адамның аядай бөлмеде тығылысып жұмыс жасайтынын байқадық. Мәйітханадағы адам төзгісіз жағдай жайында біз осыдан бір жылдай бұрын айтқан едік.
Тахир Ғалымназаров, ҚР ӘМ Сот медицналық орталығы Алматы филиалы директорының орынбасары: /19.03.2017 ж./
Адамдар мұнда өзінің уайым-қайғысын арқалап келеді. Сол кезде біз оларды осындай жағдайда қарсы аламыз. Тиісті тазалықтың болмауы, тозығы жеткен бөлмелерді көргенде өзіміз ыңғайсызданамыз. Медициналық, сараптамалық орталық үшін жаңа ғимарат салу қажеттігін айтумен келеміз.
Бұл тек Алматы емес, республиканың барлық аймақтарында қалыптасқан жағдай. Осы аптада Парламенттегі үкімет сағатына келген Әділет министрі депутаттардың сан-түрлі сауалдарына жауап таппай қиналды. Вице-спикер В.Божконың мәліметінше, еліміздің 92 ауданында сот-медициналық сарапшылар жоқ. Полиция өкілдері адам мәйітіне тиісті талдама алу үшін 200 шақырым, тіпті одан да ұзақтағы облыс орталығына сапарлауға мәжбүр.
Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:
Менің білуімше, 2003 жылы сол кездегі Үкімет басшысының тапсырмасымен бірнеше ведмоствоға тапсырма жүктелген еді. Соның ішінде министрліктермен бірге жергілікті әкімдіктер де өз аумақтарындағы мәйітханаларды жөнге келтіру керек болатын. Себебі ол мекемелер моральдық-этикалық тұрғыдан қызмет етуге төзбейтін орындарға айналып кеткенін көзімізбен көргенбіз.
Бірақ жылдар жылжып, сағаттар сырғыса да сот-медициналық сараптама жасайтын салада ілгерілеу болмапты. Керісінше мәйітханалардағы мамандар жұмысынан босап, салада білікті қызметкерлер саны азайып кеткен. Парламент депутаты Нұрлан Әбдіров тіпті мынадай жаға ұстарлық фактілерді тізіп берді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Соңғы 5 жылда жұмыс орнында 56 дәрігер мен медбике туберкулез жұқтырған. Ал 26 қызметкер вирусты гепатиттің бірнеше түріне шалдыққан. Тек Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында мұндай жұқтырулар тіркелмеген. Сот сараптамасы мен сот медицинасы орталықтарын біріктірген кезде, сот дәрігерлерінен мәйітпен және иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырғандармен жұмыс істегендері үшін төленетін үстеме ақылар алынып тасталды. Ол қосымша төлемдерді қайтару мәселесін Үкімет неге шешпей отыр?!
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
Еңбекақыны атқарған жұмысына қарап төлеу, бірден бірнеше кадрлық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сарапшылар штаттық қызметкер ретінде өзінің атқарған жұмысының көлеміне қармастан, белгіленген жалақы алып келді. Бұл- қызметкердің кәсіби өсуіне деген ынтасын жоғалтады. Жаңа жалақы төлеу жүйесі әлсіз мамандарды ығыстырып, жұмыс істейтін адамдарды іріктейді деп ойлаймын.
Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығы депутаттар көтерген мамандар мәселесіне қатысты мәліметтер беруден бас тартты. Жолдаған сауалымызға да жауап қатпады. Есесіне Алматыда денсаулық сақтау департаментін бірнеше жыл басқарған, қазір Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова салада маман қалмай бара жатқанын жайып салды.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алматыда өткен жылы сот медициналық сараптама жасайтын 67 білікті маманның 40-ғы өз қызметтерінен кеткен. Бұл жағдайдың жоқтығы мен жалақының аздығынан екені түсінікті. Оның ішінде 30-ы жоғары санатты мамандар болатын. Әсіресе молекулярлық-гистологиялық сараптама жасайтын мамандарды ұстап қала алмаған соң, басқа не деуге болады?
Ал мынау халық тығыз орналасқан Шымкент қаласындағы мәйіт сақтау мекемесі. Бұл жерде де Алматыдағыдай тозығы жеткен инфрақұрылым, тар бөлмелер мен ескі қондырғылар. Сол сияқты мамандар да жетіспейді. Жаңа жылдан соң бұл жерге аймақтан сайланған депутаттар да бас сұғып, жағдаймен танысқан.
Диляра Бегишева, сот-медициналық сарапшы:
- У нас устаревшее оборудование, которое требует замены. Я считаю, что нужно заменить оборудование. Так же вы видите у нас оборудование стоит, где находятся мои эксперты. Здесь 9 экспертов сидят. Не хватает помещений (имеет ввиду свободных). Здание устаревшее, а положено по нормам, что каждый эксперт должен занимать отдельный кабинет. И зарплата очень низкая. Вот у меня средний эксперт получает 80 тысяч. Очень низкая зарплата. Мы здесь работаем с отравляющими веществами, с канцерогенными. Понимаете?
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Қалыптасқан жағдайды жіпке тізгендей баяндап берген маманның жан айқайы осы аптадағы үкімет сағатында көтерілді. Бірақ нақты қандай шешім болатынын уақыт көрсетпек. Ал Алматыға байланысты - өткен жылдың соңында өткен қалалық мәслихаттың отырысында жаңа мәйітхана жобасы бюжджетке енгізілгені белгілі болды. Бұл туралы жергілікті заң шығарушы органның өкілі телефон арқылы бізге мәлімдеді. Ғимарат құрылысы биыл Алатау ауданының аумағында басталмақ.
Мамандар бұл жерге тәулігіне 15-20 мәйітке дейін жеткізілетінін айтады. Ал мереке немесе демалыс күндері ол екі есеге артады. Басқа аймақтарды айтпағанда Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардың өзінде «паталогоанатом» деп аталатын маман тапшы. Ол өмірден өткен адамды ең соңғы болып зерттеп, оның өлімінің неден болғанын шынайы сипаттап беретін медицина маманы.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы бір саланың жолы болмай-ақ қойды. Оның жағдайын бір сөзбен айтқанда «катастрофа» деуге болады. Мұндай мекемелер Әділет министрлігіне берілмес бұрын денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында еді. Бірақ олар екі жыл қатарынан ешққандай назар аудармай қойды. Иә, ЖОО-дары бұл салада аз болса да мамандар даярлап жатыр. Бірақ оларды практикадан өту үшін қазір мәйітханаларға кіргізбейтін болыпты. Сонда ол тәжірибені қайдан алуы керек?!
Жоғары санатты, 20 жылдық тәжірибесі бар маманның айлығы 120-150 мың теңге. Ал жаңадан жұмысқа тұрған сарапшы екі есе аз алады. Соған қарамастан Берік биыл медициналық университеттің 6-курсында білім алып жатыр. Болашақ паталогоанатом жергілікті оқу орнындағы білімін шетелде тәжірибемен ұштастырған. Көпшілік бара бермейтін мамандықты таңдағанына өкінбейді. Биыл Асфендияров атындағы оқу орнында оқитын 800 студенттің бар-жоғы 10-ы ғана еліміздің түкпір-түкпірінде мәйітханаларда жұмыс істеуге жолдама алмақ.
Берік Қалилоллаев, С. Асфендияров атындағы ҚҰМУ студенті:
Медицинамен байланысы жоқ адамдардың санасында «патологиялық анатомия- мәйіт, бір лас дүние» болып көз алдына елестейді. Сондықтан қаладағы мәйітханалардың да жағдайы сондай деңгейге құлдырап кеткен. Сол жерде істейтін маманнан бастап, әрбір адамның сана-сезіміне МОРГ-те жұмыс жасау үлкен ғылым екенін жеткізгім келеді. Әрине инфекция жұқтыру сияқты қауіп бар. Бірақ ол әрбір маманның жеке жауапкершілігі мен өз ісіне қалай қарайтынына байланысты нәрсе.
Өмір бар жерде өлім бар екені ақиқат. Бірақ соңғысына қатысты мекемелердегі жағдай "апатты" болса, З.Аманжолова келтірген мына нақылды ескермейтініміз ғой?
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мертвые учать живых....
Ришат Асқарбекұлы "Біздің уақыт".