$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкенттік оқушылар бір күнге шенеуніктің рөліне енді

AstanaTV
18.01.2018ж. 20:00
3342
Шымкенттік оқушылар бір күнге шенеуніктің рөліне енді

«Жас мемлекеттік қызметші»  немесе «Көлеңке күні». Шымкентте мектеп оқушылары бір күнге шенеуніктің көлеңкесі ретінде жұмыс істеп көрді. Яғни бірі әкімнің рөлінде болса, тағы бірі қаланың бас ұстазы, сәулетші сынды мамандықтың қыр-сырын меңгерді. Тіпті қайсібір оқушылар кадр таңдауға да араласты. Оқушылардың ерекше өткен бір күніне Айзада Төребекқызы куә болды. 

16 жасар Ғазиза Ғаниқызы үшін бүгінгі күн ерекше. Ол Шымкент қаласы әкімінің жұмысымен танысты. Шаһар басшысымен бірге таңертең жұмысқа кіріскен Ғазиза таң атпай бірқатар мекемелерді аралап үлгерді. Әкімнің жұмысы таңғы бестен басталады дегенді естігенде алғашында қалжың деп қабылдапты.

Ғазиза Ғаниқызы, 11-сынып оқушысы:

Ойлағам, жұмысқа барады. Кабинетте отырады. Қағаздарын толтырады. Ондай қиын болады деп ойлаған емеспін негізінде. Бірақ сөйтсем,  таңғы бестен тұрып, барлығын аралап, осындай суықта... аязда ... қиналып кетесің, ия.

Ғазиза педагог-психолог мамандығына таңдау жасаған. Болашақта мемлекеттік қызметкер болғысы бар. Тағы бес оқушы бүгін өз қалауларымен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның қасында жүрді. Олар бұл күні әдеттегіден ерекше маңызды мәселеге араласты. Яғни мектептердегі бос орындарға педагог іріктеуге бір кісідей қатысты. Тіпті конкурсқа қатысқан үміткер мұғалімдерге сұрақтарын еркін қойып, кадр таңдауда өз ойларын бүгіп қалмады.

Қайсы апайымыздың ұстаз болғанын қалар едіңіз, Эльмира ма, Сәуле апай ма?  Немесе екеуі де лайық емес пе?- Екінші кірген апай.-Ол сіздің пікіріңіз. Сіздің ойыңыз. -Лаура, сіздің пікіріңіз?

Оқушылар мен шенеуніктер арасындағы аталмыш жоба Шымкентте алғаш рет өтіп отыр. Шараға ұйытқы болған  билік өкілдері  шәкірттерге  шенеуніктердің қызметі жайында жүз рет естігенше бір рет көрсетуді мұрат тұтыпты. Айтуларынша, 18 оқушының арасында мемлекеттік қызметкерден бөлек құрылысшы, айти технология саласын таңдаушылар да жоқ емес. Оларға да өндіріс орындарының жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік берілген.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі:

Бұл проектінің мақсаты - ол біздің оқушыларымыздың болашақтағы таңдап отырған мамандығының дұрыс, дұрыс емес екеніне көзін жеткізе білу. Сонымен қатар мен өзім басымнан өткен, 11-класта, 10-класта болашақта кім боламын деген үлкен сұрақ тұрады алдыңда. Себебі мен білмеймін. Сол сияқты оларға кішкентай болса да көмегіміз тиетін болса, біздің ол үлкен жеңісіміз болады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкентте  оқушылар мен шенеуніктер арасындағы мұндай  байланысты  дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар  келер жылы «жас мемлекеттік қызметші», яғни жобаға қатысушылардың қатарын арттырмақ. Шенеуніктер мұндай бастама бір күндік ермек емес, оқушылардың жақсы оқып, көшбасшылыққа ұмтылуда үлкен мотивация болатынына сенімді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ