Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 11 кәсіпкерді 200 млн теңге шығынға батырған

AstanaTV
25.01.2018ж. 20:00
2371
Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 11 кәсіпкерді 200 млн теңге шығынға батырған

Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 11 кәсіпкердің көрсеткен қызметіне ақы төлемей, шамамен 200 миллион теңге шығынға батырған. Олардың кейбірі бүгін банкротқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл министрлік мамандарының келісімшарт құжатына салғырт қарауынан туындаған деп отыр. Себебі келісімшарт жасалғаннан кейін мемлекеттік сатып алу бойынша төленуі тиіс қаражат қазынашылық департаментінде тіркелмеген. Сондықтан келісімшарт мерзімі бітіп, тіркелмеген құжатқа қаражат төленбейтін болып шыққан.

Олег Савеленко, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің басшысы:

Алғашқы сот отырысы кәсіпкерлер пайдасына шешілмеді. Екінші отырыс бірінші соттың шешімін қайта қарауға жіберді. Кей мамандардың немқұрайлы қарағаны үшін, қанша кәсіпкер материалды шығын көріп жатыр. Бизнеске бұлай қарауға болмайды деп есептейміз. Қазір шығынның басым бөлігіне себепші болған Қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы жасалған келісімдерді қайта тіркеп, бюджеттен қаражат бөліп, шығынды толтыру керек.

Қарыздың басым бөлігі Қорғаныс министірлігіне тиесілі. Кәсіпкерлер келісімге сай елдегі бірнеше әскери бөліміндегілерді тамақтандырған. Бизнесмендер адвокатының сөзінше, осы іспен айналысқан министрліктің 3 маманы жұмыстан қуылған. Ведомство мамандары айыптарын білгенімен, шарасыз.

Александр Степаненко, ҚР ҚК мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы:

Өкінішке орай, біз осыған дейін болған сот шешіміне қайшы келе алмаймыз. Ал істі сотқа дейін реттеуге құқымыз жоқ, себебі тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылады.  Бұл - заңға қайшы. Дегенмен, істің жүйелі шешілуіне ат салысып, Қаржы министрлігіне сұраныс хат жолдағанбыз. Сот ең жоғарғы орын болғандықтан, осындай шешім шығарды. Бізде амал жоқ.