Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтөбеде сот шешімімен 50-ден аса тұрғын ата-аналарына алимент төлеуге міндеттелді

AstanaTV
25.01.2018ж. 20:00
3360
Ақтөбеде сот шешімімен 50-ден аса тұрғын ата-аналарына алимент төлеуге міндеттелді

Әке-шешең жынды болса, байлап бақ! Ақтөбеде ата-анасын қараусыз қалдырған 50-ден аса тұрғын сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелді. Олардың көбі өзіне қызмет көрсете алмайтын әке-шешелерін жалғыз қалдырған. Алимент төлеуден қашқандарды қандай жауапкершілік күтіп тұр? Жақсыбек Кемал тарқатады.

Жасы сексенге таяған Тұрсын Әбдіхалықова қарттар үйіне жарты жыл бұрын ғана келген. Төрт қызы үйлеріне кіргізбегендіктен, бұған дейін Алға қаласында пәтер жалдап күн кешіпті. Алайда, жалғыз жүріп-тұруы қиындағандықтан, амалсыз мемлекет қамқорлығына өткен. Енді ол дәрі-дәрмегі мен басқа да қажеттіліктері үшін қыздарының алимент төлегенін қалап отыр.

Тұрсын Әбдіхалықова, қарттар үйінің тұрғыны:

«Ешқайсысы келмейді. Хабарласпайды да. Сот айтты, айтпақшы, «апа, сен алимент аласың, 4 қыз бар, қыздарыңның бәрінен аласың», деген.  Алам, түбінде алам алиментті. Олар мені қандай қорлады, мен қорлағаннан аулақпын. Құдай сақтасын, аман болсын, өлмей-ақ қойсын, аман болсын».

Қазірге дейін Ақтөбе облысында 53 адам ересек балаларынан алимент төлеуді талап етіп, сотқа шағымданған. Заң бойынша сот балаларына әке-шешесін бағып-қағуды міндеттей алады. Яғни олар ай сайын орташа есеппен 35-40 мың теңге беріп отыру керек. Оның үстіне шағымданушылардың көбі мүгедек болғандықтан, шығындары да көп. Ал, өздерінің зейнетақылары жетпейді.

Азамат Бердібеков, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:

«40 атқару өндірістері борышкерлермен ерікті түрде төленіп жатады. Олар өздерінің барлық табыстарынан, айлықтарынан ай сайын ұсталып жатады. 10 атқару өндірісі борышкерлерден ерікті түрде төленбейді. Себебі борышкерлердің жағдайларының жоқтығы. Ол өндірістер ата-аналары сол балалардан өндіріп жатыр, екінші атқару өндірісі - ол әйелімен ажырасып кетіп, әйеліне де өндіріп жатқан жағдайлар бар».

Жақсыбек Кемал, тілші:

Борышкерлер арасында ата-аналарына 200 мың теңгеге дейін берешегі барлар кездеседі. Қазір олармен сот орындаушылар жұмыс істеп жатыр. Яғни ата-аналарын асырауға немқұрайлы қарағандар жұмысқа орналасып, қарыздарын өтеуі тиіс. Ал, ондай талапқа көнбеген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Жақсыбек КЕМАЛ