$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жапа шеккендер сот үкіміне наразы

AstanaTV
14.04.2026ж. 19:00
Алматы облысындағы жантүршігерлік жол апатынан жапа шеккендер сот үкіміне наразы

Бір адам қаза тауып, тағы бір азаматты мүгедек қылған Алматы облысындағы жол апатына қатысты сот үкіміне жәбірленушілер қарсы. Олар екі жігітті көлігімен қағып кеткен жүргізуші тым оңай жазамен құтылды деп отыр. Бірін өлтіріп, екіншісін сал қылса да сот оны 2 жарым жылға ғана соттады дейді. Тақырыпты әріптесім Ғазиза Әмірбек жалғастырсын.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Құлжа тас жолын кесіп өтіп, үйіне қайтпақ болған екі жігіт дәл осы жерде апатқа ұшырады. Жол ережесін сақтап, жаяу жүргінші жолағымен өткен. Дегенмен жол ортасына жете бергенде оларды жоғары жылдамдықпен көлік қағады. Бірі осы жерде көз жұмды, екіншісі ауыр жарақат алған.

Жалғыз ұлынан айырылған екінші топ мүгедегі Нұржамал Ахметова қайғыдан қан жұтып отыр. Соққының қатты болғаны сонша 39 жастағы Қанаттың денесі бөлшектеніп, іш құрылысы езіліп, барлық қабырғасы сынып кеткен дейді. Марқұмның артында екі қызы жетім қалған.

НҰРЖАМАЛ АХМЕТОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Шындықты іздеп шаршадым ғой. Аңырап шешең қалды артыңда. Кім маған болысады? Кім маған көмектеседі? Үйге де сыймайм. Жалғыз басты анамын ғой. Жұмысқа кеткен жарығым. Қатаң жазасын алсын, жазаласын!

Ал 29 жастағы Закир тірі қалғанымен, миының жартысы кеуіп, бір қолы істемей, есінен адасып, төсек тартып жатып қалған. Туыстарының айтуынша, кінәлі тарап ешқандай көмек көрсетпеген.

ТОКИР ӘЛИЕВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ БАУЫРЫ:

Прокурорлар бұл қылмыстық іске еш дайын емес. Үш сот отырысында да дайындалмаған. Іске қатысатынын да білмеген. Олар тек қана ұялы телефон арқылы танысып отырды. Иә, мен осы іске қатысады екенмін ғой деп бізге айтты.

Сол түні болған ауыр оқиға бейнекамераға түскен. Жәбірленуші тараптың сөзіне сенсек, көлік 2 адамды сағатына 150 шақырым  жылдамдықпен қағып, 98 метрге дейін сүйреп кеткен. Полиция жүргізушіні бірден ұстап, тиісті қылмыстық іс қозғаған. Сот үкімі 8 сәуірде шыққан.

ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ ҮКІМІ:

Бейсен Ұлан Елдосұлы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ, 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтесін.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленуші тарап аппеляциялық шағым түсірген. Кінәлінің жазасын қатаңдатуды талап етеді.