Таразда жасөспірімді ұрып, жанарын ағызып жіберген қатарласы қамауға алынды. 10 сынып оқушысы алған жарақатынан есінен танып жансақтау бөліміне түскен. Төбелеске қатысы бар 4 оқушы тергеуге алынған. Ал көзінен айрылған баланың анасы ұлының болашағына алаңдап, жүрегі қан жылауда.
ЗУХРА КАРИМОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
Дәрігерлер ағып кеткен баланың көзін бөлшектеп әрең жинаған. Енді ең бастысы ағып кеткен көз арқылы түскен инфекция миға жетпесе екен деп тілеңіздер дейді дәрігерлер. 10 күндей ерекше күтім керек деді. Білмеймін не істерімді.
Оқиға қаладағы №26 Абай атындағы мектеп гимназиясының киім ауыстыру бөлмесінде болған. 15 жастағы Дамирді төменгі сыныптың оқушылары қаумалап киім ауыстыратын жерге кіргендері мектептің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ішке кірген бетте төбелес басталып кеткен көрінеді. Ажыратуға ұмтылған сыныптасын қасындағылар ұстап қалыпты. Сол сәтте басына тиген соққыдан еденге ес түссіз құлаған Дамир ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жәбірленушіге жедел түрде операция жасап қатаң балауға алған. Мектеп оқушысы сол көзінен айрылып, миы шайқалған. Қазір оқушылар арасындағы ерегіске не себеп болғаны анықталып жатыр. Олар кәмелетке толмағандықтан ата-аналары да жауапқа тартылмақ.
ЛӘЗЗАТ ҚЫЗЫЛҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдеммен емдеу мекемесіне жеткізілді. Жұмыс тобы құрылып жағдай жан-жақты зерделенуде.