Астанада стартаптарға блокчейн технологиясымен криптовалюта арқылы инвестиция тартылып, алдағы 2-3 жылда Елордада тек электробастар ғана жүруі мүмкін. Бас шаһардың болашағы туралы «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» атты форумында айтылды. Жиын «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынды. Ал партия төрағасының бірінші орынбасары, «Еліміздің барлық қалалары Астанаға қарап бой түзеу керек», деп атап өтті.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Инновация деген сөз бүгінде Астанамен біте қайнасып кеткені сонша, Смарт сити - ақылды қала жобасының игілігін елордалықтар барынша сезінуде. Шағын қаладан алып мегаполиске айналған Астананың бүгіні мен ертеңіне нұротандықтар да ат салысуда.
Қала басшысы Әсет Исекешевтің мәліметіне сүйенсек, соңғы 20 жылда Астананың жалпы өңірлік өнімі 190 есеге өсіп, 5 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қазынаға түскен түсімдер 80 есеге артты. Егер 1997 жылы 13 млрд теңге болса, 2017 жылы 1 трлн теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге құйылып, 1 265 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал соңғы 5 жылда 9 млн шаршы метр баспана енгізілді. 2017 жылы 945 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 70% - жеке инвестициялар.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары
ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Шынтуайтқа келетін болсақ, біздің
ұлттық идеямыз тәуелсіздік жылдарындағы 20 жыл бойы Астана болып келе жатыр.
Өйткені Астана Қазақстандағы барлық жаңалықтардың, барлық жаңғырулардың, барлық
жаңарулардың және барлық инновацияның басты қаласы болып отыр. Және еліміздің
барлық өңірлері дәл осы жылы Астанаға қарап бой түзеу керек деп
есептеймін.
Алдағы 2-3 жылда
Астанада тек электр қуатымен жүретін автобустар қалуы мүмкін. Қазір отандық
компания экологияға зиянсыз атвобустарды шығарып та жатқан көрінеді. Бүгінде
аяздарға шыдамдылығы тексеріліп жатқанын айтты нұротандықтар.
Илья Мещеряков, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының инновациялық технологиялар бойынша топ жетекшісі:
«Хайр Казах» деген компания бар Алматы облысында, Таразға көшіп жатыр қазір. Өндіріс қуаттылығы жылына 300 автобус. Толық қуаттына шықса, 600 автобус шығара алады. Қазір олардың автобустары аязды күндері Қарағандыда сынақтан өтіп жатыр. Ол Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны. Бір автобустың құны 280 мың доллар, теңгемен, шамамен 100 млн теңгеге болады.
Бүгінде Астанада геоақпараттық жүйені енгізу бойынша жоба қолға алынған. Бірінші бөлігі 2018-19 жылдары іске қосылмақ. Қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға қатысты мәлімет, қоғамдық көлік қозғалысы, инфрақұрылым. яғни барша ақпарат бір ғана интерактивті картаға жиналады.
Олжас Сартаев, «Astana Innovations» АҚ басқармасының төрағасы:
Қала қолданатын ақпараттың 80 пайызы географиямен байланысты. Ол қоғамдық көлік қозғаласы, құрылысқа қатысты, мектеп пен ауруханалардың қай жерде орналасқаны туралы, жұқпалы аурулардың таралуына қатысты ақпараттар. Ол мәліметтердің барлығын бір картаға топтастырамыз. Қазір жобаның концепциясы әзірленіп жатыр.
Айта кетерлігі, "ақылды қала" жобасына ат салысып жатқан стартаптарға блокчейн технологиясымен криптовалюта арқылы инвестиция тарту платформасы жасалған.
Ерлан Думанұлы, «Crowdsale Network» компаниясының негізін салушы:
Қазір 3 старт-апты қолға алып жұмыс жасап жатырмыз. Өзіміз 1 млн-ға жуық биткойн арқылы ақша жинадық, жарты жылдың ішінде. Сол қорды қазір стартаптарды дамытуға жұмсағалы отырмыз. Блокчейн технологиясы арқасында аяққа тұрып, басқа да старт-аптарға көмек бере алатындай үлкен платформа құрып отырмыз. Ресей, Израиль әріптестермен бірігіп, осындай үлкен істі атқарып жатырмыз.
Айгүл Әдепбай, тілші:
Астананы ақылды қалалардың біріне айналдыру - қала әкімдігі мен Үкіметтің алдындағы міндет, деп атап өтті шаһар басшысы Әсет Исекешев. Оның айтуынша, ендігі мақсат - смарт сити эталонды стандартын қалыптастыру. Ал «Нұр Отан» партиясы бас шаһардың барлық жаңашыл идеяларына қолдау білдіруге дайын, деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Айгүл ӘДЕПБАЙ