Шымкентте тұрғын үйдің жертөлесінде марихуана өсірген ер адам ұсталды.
Шымкент қаласы полиция департаменті мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында заңсыз фитозертхананы анықтаған.
Тексеру кезінде жергілікті тұрғын жертөлені толықтай қайта бейімдеп, тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтағаны белгілі болды. Ішінен құрамында есірткі заты бар өсімдіктер, яғни марихуана, сондай-ақ оны күтіп-баптауға арналған техникалық құрылғылар тәркіленді.
Алдын ала дерекке сәйкес, күдікті 2025 жылдан бері ірі көлемде есірткі өсімдіктерін заңсыз өсірумен айналысқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.