«Біріккен ұлттар ұйымы уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталиядағы дипломатиялық форумда осылай деді. Оған халықаралық сын-қатерлер шиеленіскен тұста келіссөздердің ұйым алаңынан тыс, жекелеген елдерде өтіп жатқаны дәлел. Ал ұйым өкілдерінің араағайындыққа шақырғанын тіпті көрмейміз. Өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі тікелей кедергі келтіріп отыр. Ондағы ірі державалардан көрі, Қазақстан мен Түркия секілді елдердің жауапкершілігі жоғары. Оны дипломатиялық іс-әрекетімізден көруге болады, -деді президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек.
Президент Таяу Шығыстағы ахуалға байыппен қарап, әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырды. Әлем экономикасын құлдыратқан эскалация ядролық қарудың таралуынан басталғанын көпшілік ұмытып та кетті. Сондықтан келіссөздердің басты тақырыбын қайта қарау керек. Қиындықтарға қарамастан жаһандық сауда көлемі өсті. Алаңдататыны - сауда-саттықтың сапасы мен мазмұнында. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жаһан көшбасшылары қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерін алға қою керек.