$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада жаңа салық кодексі талқыланды

Астанада жаңа салық кодексі талқыланды

Қазақстанның салық жүйесі сервистік модельге көшеді. Бұл туралы астанада өткен салық төлеушілер қауымдастығының отырысында айтылды. Онда жаңа салық кодексінің тетіктері таныстырылды. Мақсат саладағы цифрландыруды жеделдету.

Мемлекеттік кірістер комитеті қағазбастылықтан бас тартып, жасанды интеллектке көшуге ниетті. Қазірдің өзінде қашықтан қызмет көрсету бағытына басымдық берілген. Яғни, енді қате жіберілген жағдайда, жүйе алдымен хабарлама жіберіп, оны түзетуге мүмкіндік береді. Тексерулер соңғы шара ретінде ғана қолданылмақ. Шағын бизнес үшін талаптар жеңілдетілді. Табыс шегі 2,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, қызметкерлер санына қойылатын шектеулер алынып тасталды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға ерекше назар аударылды.

ЖАНДОС ДҮЙСЕМБИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін біз салықты алып тастадық, өзіне жұмыс істейтін азаматтар ұғымын енгіздік – бұған такси жүргізушілері және басқалар жатады. Салық жоқ, тек 4% әлеуметтік төлемдер бар – бұл олардың денсаулығына, зейнетақы жинақтарына қатысты. Яғни, салық мөлшерлемесі – 0.

Сонымен қатар, IT-инфрақұрылым толық жаңғыртылады. Ондаған дереккөзден мәліметтерді талдайтын Smart Data Finance цифрлық профилінің арқасында тексерулер нүктелік сипатқа ие болады. Салық органдарының айтуынша, адал бизнес артық қысымды сезінбейді.

ЕРЖАН МҰСТАФИН, ҚР ҚМ МКК ЦИФРЛАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір біз салық бағыты бойынша интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесін енгізіп жатырмыз. Енгізу кезеңінде туындайтын техникалық қиындықтарды жедел шешуге тырысамыз және сервистерді жетілдіреміз. Бизнес өкілдерімен тұрақты байланыстамыз. Олардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін де жүйені дамыту барысында ескереміз.

Жаңа кодекс мемлекет пен бизнес арасындағы ашық қарым-қатынастың негізіне айналмақ. Сарапшылардың пікірінше, салық қызметінің интеллектуалды трансформациясы алдағы жылдары көлеңкелі экономиканың үлесін айтарлықтай азайтады.