Қазақ руханияты қара жамылды. Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасында өмірден өтті. Қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Ұлттың рухы, шындықтың шырақшысы еді. Бүтін бір дәуір келмеске кетті. Бірақ… Артында өшпестей мәңгілік мұра қалдырды.
Мұхтар Шаханов халықтың зор ықыласына бөленген санаулы қаламгердің бірі болды. Оны ауылдағы ағайын да, қаладағы оқырман да бірдей құрметтеген. Ақын тек көркем өлеңдерімен емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеріп, шындықты тайсалмай айтқан қайсар мінезімен ерекшеленді. Кеңес Үкіметі тұсында да мінберді қоғамдағы түйткілдерді соның ішінде Желтоқсан оқиғасының шындығын жайып салды.
МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Наурыз мерекемізді осы қазаққа бірінші алып келуге еңбек сіңірген, Колбиннің кезінде еңбек сіңірген адам – Шаханов. Одан кейін кеңес үкіметінің кезінде Арал тағдырына тікелей еңбегін қосты, үлесін қосты. Өзінің айтатын сөзін айтты. Кішкентай «Жалын» журналының кабинетіне бүкіл министрлерді жинап алып, басқа да биліктегі адамдарды жинап алып, Арал тағдырын айтқан жалғыз ақын осы Шаханов болатын.
Қаламгердің шығармалары жас буынға шабыт сыйлады, «Шахановша жазу» деген ұғымның қалыптасуына жол ашты. Әріптестерінің айтуынша, соңғы жылдары ақынның денсаулығы сыр беріп, сырқаты асқынған. Соған қарамастан, ол өмірінің соңына дейін рухани ізденістен қол үзбеген. Жақындары оның соңғы сәттерінде жарына айтқан аманаты болғанын жеткізді.
СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ, ЖАЗУШЫ:
Өмірінің соңында Ханшайым атты бәйбішесі енді Мұқаңа келуді сирету керек, ол кісі сөйлесе алмайды деді. Сондықтан да біз хабарласуды, баруды тоқтаттық. Енді белгілі ғой денсаулығы жоқ адамды мазаламаған дұрыс қой. Енді соңғы арманы, аманат етіпті ғой Арыстан бабтың жанына апарып жерлесе екен деген. Туған жеріне, ұлы әулиенің жанына.
Халқына арнап жыр төккен ақын енді өз халқымен бірге мәңгі жасайды. Оның жырлары ел жадында жаңғырып, кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қала бермек.