Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қостанайдағы әскери патриоттық клуб қаржылай қолдауға зәру

AstanaTV
29.01.2018ж. 20:00
2446
Қостанайдағы әскери патриоттық клуб қаржылай қолдауға зәру

Қостанайдағы «Тайфун» әскери патриоттық клубы қаржылай қолдауға зәру. Клубқа келетін оқушылар мен студенттерге оқу-жабдықтары мен қару-жарақ макеттері жетіспейді. Шәкірттердің  көбісінде арнайы киім үлгісі де жоқ. Қаражат тапшылығына байланысты әскери дайындықтың әдіс-айласын жетік меңгерген жеткіншектер республикалық сайыстарға қатыса алмай отыр.

«Тайфун» клубы құрылыс колледжінің қабырғасында құрылған. 14 жылдан бері оның шәкірттері талай слеттер мен сайыстарға қатысып, жүлделі оралған. Қазір мұнда оннан астам мектеп оқушысы мен отызға жуық колледж студенті дайындықтан өтіп жүр. Алғашқы әскери дайындықтың айла-тәсілін үйреніп жатқандар қатарында қыздар да бар. Клуб шәкірттері сап түзеу, мылтық ату, арқанмен өрмелеу, қоян-қолтық ұрыс әдістеріне машықтанады. 

Нияз Қарабаев, колледж студенті:

Осы клубтан мен бәрін түсініп, бәрін үйрендім. Өзіме өте  ұнайды. Келешекте мен офицер болғым келеді.

Дегенмен, әскери клубта оқу-құралдары мен қару-жарақ макеттері жеткіліксіз. Қолда бары ескірген. Алатын қаржы көзі жоқ деген клуб жетекшілері, ара тұра ауған соғысы ардагерлерінің бірлестігінен ғана көмек болатынын айтты.

Александр Козлов, «Тайфун» әскери патриоттық клубының жетекшісі:

Колледжде алты мылтық бар. Барлығы ескі. Тозығы жеткен. Шәкірттер жаңа мылтықтан атып үйренгені жақсы ғой. Нысанаға дәл тигізу үшін, қаруың мықты болу керек. Сондықтан ескіні жаңарту қажет.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл Иж-38 пневматикалық қаруы. Оқушылар онымен атуды, көздеуді үйренеді. Алайды мылтықтың тозығы жеткендіктен, нысанаға дәл тигізу  өте қиын.

Қаражатты колледж қарастырады. Телефон арқылы тілдескен бөлім басшысы оқу ордасының бюджетіне облыстық білім басқармасы араласпайтынын айтады.

Ермек Айтмағамбетов, Қостанай облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Колледж қаражатты қайда жұмсау керектігін өзі шешеді. Бірақ басымдылық әскери-патриоттық және тәлім-тәрбие бағытына беріледі.

Колледж директоры, әскери патриоттық клубтың жабылмауы үшін қолдан келгенді жасаймыз, дейді. Тіпті демеушілер іздестіріліп  жатыр екен. Қаржылай қолдау көрсетілсе, көне құрал-жабдықты түгел жаңғыртып, шәкірттерді мәртебелі сайыстарға да аттандырамыз деп отыр.

Заңғар САНАЙ