Қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар. Ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. 15 учаскеде жарықтар мен ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жайлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарлануда» , -деді спикер.
Брифинг барысында Дархан Иманашев биылғы су тасқыны маусымын жол қызметі алдын ала дайындық жұмыстарының арқасында абыроймен алып шыққанын айтты. 2026 жылғы су тасқыны кезеңінде республикалық автожолдарда 5 су алу фактісі ғана тіркелді. Осыдан екі жыл бұрын 178 су алу фактісі тіркелген болатын. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 1000 бірлік техника және 1900 қызметкер жұмылдырылды. Шамамен 15 мың суөткізгіш құбырлар тазартылып, 86 мың текше метр инертті материал әзірленді.