Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұганов теңіз инфрақұрылымы мен сауда флотын дамыту жобаларының іске асырылу барысымен танысты.
Сапар барысында ол теңіз терминалдарын аралап, кеме қатынасы компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске-асыру мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда Ақтау портында контейнерлік хаб пен кемелер қозғалысын басқару жүйесін (КҚБЖ) салу, Құрық портында айлақ акваториясын тереңдету және №1 айлақты жаңғырту, сондай-ақ портта жол бойы сервистік инфрақұрылым құру жобалары аяқталды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін Ақтау порты акваториясын тереңдету және Құрық портындағы «Ерсай» терминалын, «Ерсай» контейнерлік терминалын салу, Құрық портындағы №2, 4 және 5 айлақтарды жаңғырту, буксирлер сатып алу, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізіп, оларды ТХКБ-ның бірыңғай цифрлық ортасына интеграциялау жоспарланып отыр.
Аталған жобаларды іске асыру порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және Қазақстанның Транскаспий бағыты бойынша негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, соңғы бес жылда ТХКБ бойынша транзиттік тасымал көлемі үш есеге артты. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарланып отыр.