$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Орталық Азия елдері экологиялық волонтерлікті дамыту жөнінде резолюция қабылдады

Орталық Азия елдері экологиялық волонтерлікті дамыту жөнінде резолюция қабылдады
Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау ынтымақтастықты арттыра түсетін қуатты факторға айналды»: Президент ӨЭС аясындағы эковолонтерлік жөніндегі сессия қатысушыларына үндеу жолдады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық еріктілер жылы шеңберінде «Волонтерлік және экологиялық іс-қимылдар» атты панельдік сессия өтті. Сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары Хаолянь Шу, Әзербайжанның ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдау агенттігінің төрағасы Айгюн Алиева, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Сессияға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 100-ден астам белсенді волонтер мен азаматтық қоғам көшбасшылары жиналды. Талқылаудың негізгі тақырыбы өңірдегі экологиялық сын-қатерлерді шешудегі волонтерліктің рөлі болды. Қатысушыларға Мемлекет басшысы құттықтау жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаева оқып берді.


— Қазақстанда эковолонтерлер қозғалысы кең қанат жайып келеді. Ортақ іске 100 мыңнан астам жасампаз әрі отаншыл азаматымыз атсалысып жүр. Елімізде озық экологиялық ойлау мәдениетін дамытатын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жақында жалпыхалықтық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясында табиғатты аялау және волонтерлік қызмет қоғам дамуының негізгі ұстанымдарының бірі ретінде көрсетілді. Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау бірлесе өсіп-өркендеуге ұмтылған аймақ елдерінің де, бүкіл халықаралық қауымдастықтың да ынтымағын арттыра түсетін қуатты факторға айналды, — делінген Президенттің қатысушыларға арнаған үндеуінде.


Аида Балаева Қазақстандағы волонтерлікті қолдау шараларына арнайы тоқталды. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыс үш жылдық Жол картасы аясында жүйелі түрде жолға қойылғаны айтылды. Бұдан бөлек, «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қолданыста.

— Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысы айқындап берген бағытты тұрақты түрде жалғастыра береді. Волонтерлік қауымдастықпен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Барлық өңірде фокус-топтар мен зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық тәжірибе мен үздік практикалар зерделеніп жатыр. Атап айтқанда, волонтерлік қызметті жұмысқа орналасу кезінде, оқу орындарына түсу барысында есепке алу, сондай-ақ волонтерлердің өмірін сақтандыру мәселелері қарастырылуда. Осы бастамаларды іске асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулер қабылдау жоспарланып отыр, — деді Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасымен экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқанын да атап өтті. Бүгінде экологиялық қозғалыс ел бойынша 100 мыңнан астам азаматты біріктіріп отыр. Соңғы бір жыл ішінде мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 10 мың тонна қоқыс жиналды, 2 миллионға жуық ағаш пен бұта отырғызылды. Кейінгі бес жылда 10 мың волонтердің қатысуымен Арал теңізінің құрғаған табанында 1 миллион гектар аумаққа сексеуіл егу жұмыстары жүргізілді. 

Панельдік сессия қорытындысы бойынша экологиялық волонтерлікті дамыту жөніндегі Орталық Азия елдерінің резолюциясы қабылданды. Құжатты БҰҰ штаб-пәтеріне жолдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар алаң аясында Маңғыстау облысында «Caspian Sea Action Week 2026» және Қызылорда облысында «Green Aral: Volunteers for Life» экологиялық жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды.