Бүгін жаңғыру аясында қайта жасақталған "Нұр Отан" партиясы "Жас Отанның" жаңа кеңсесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, «Жас Отанның» тың бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол жасотандықтардың жаңа жобаларының табысты жүзеге асырылуына партия тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Салтанатты рәсімнің «ашық есік» форматында өткізілуіне байланысты «Жас Отанның» жаңа кеңсесімен және жаңа бағыттағы жұмыс барысымен танысуға кез-келген азамат мүмкіндік алды. "Жас Отан" жастар қанаты өткен жылдың желтоқсан айынан бастап барлық қызметкерлерін тестілеуден өткізді. Сынақтан сүрінбегендер ғана қайта жұмысқа алынып, бос қалған орындарға ашық байқау жарияланды. Енді қаңтар айының соңына дейін білімді де білікті, «Жас Отанда» жұмыс істегісі келетін жастар қызметке қабылданбақ.
Дәулет Кәрібек, "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанаты хатшылығының басшысы:
Өткен жылдың соңында "Нұр Отан" партиясының төрағасы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен біздің саяси кеңестің отырысында партияның модернизациялауы, жаңғыруы жарияланды. Сол партияны модернизациялау "Жас Отаннан" басталды. Біз өзіміздің отыратын жерімізді жөндеуден өткізуден бөлек, біз биылғы жылы орталықта ашық сайлауды, яғни онлайн сайлауды, инстаграм, әлеуметтік желілерді қолдануды бастап жатырмыз.