Бұрын қиял сияқты көрінетін жасанды интеллект арқылы басқарылатын ойындар, AI мектептері шындыққа айналды. Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы толыққанды жұмысын бастап, технологиялық серпілістің жаңа кезеңін ашты. Бұл орталық тек инфрақұрылым емес, идеялар мен инновациялар тоғысқан экожүйе. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары іске асып, стартаптар дамып, жасанды интеллект күнделіктіні өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырады. Мемлекет басшысы орталыққа барды. Маңызды міндеттерді атады.
Мемлекет басшысы Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Жасанды жүйе жаһан жұртына таныс болғалы көп болмаса да, даму қарқыны жоғары сектор саналады. Сол себепті Қазақстан технологияның тың тетігін игермекке алғашқы қадамын жасаған еді. Президенттің 2026 жылды цифрлы салаға арнауы бастама болса, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы мақсатымыздың айқын екенін дәлелдеп отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Енді алгоритм қаладағы қарбаласты реттеп, көшедегі келеңсіздікті бақылап, Астананы ақылды қала қылуға ат салысады.
ТОМАС ПРАМОТЕДХАМ, PRESIGHT.AI КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Smart City жобасы қаланың барлық негізгі салаларын қамтиды. Жүйе төтенше қызметтердің жұмысын үйлестіріп, оқиғаға әрекет ету уақытын қысқартады. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер біріктіріліп, қоқыс шығару, көшені тазалау сияқты жұмыстардың тиімділігі артады. Көлік қауіпсіздігі де күшейтіліп, жол ережесін бұзғандар автоматты түрде анықталады. Ал интеллектуалды жүйе көлік ағынын талдап, кептелісті азайтуға және қоғамдық көлікті бақылауға мүмкіндік береді.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Бүгінде әлем цифрлық валютаға бет бұрды. Соның ішінде ең танымалы Bitcoin. Оны ешбір банк басқармайды, бірақ бағасы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бірі байып жатыр, бірі барынан айырылып жатыр. Дегенмен, мемлекеттер бұл үрдістен шет қалмай, өз цифрлық валюталарын дамытуға кірісті. Қазақстан да бұл бағытта қалыс емес. Елімізде қазір цифрлық теңге жобасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының отандық CryptoPay жүйесін пайдалану арқылы Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен төлеуі де сала ілгерілегенінің белгісі.
Сонымен бірге мемлекет басшысы орталықтағы білім беру кешендерімен танысып, телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Осы орталықта бізде оқушыларға, балаларға студенттерге арналған сабақтар өтеді. ЖИ-ге арналған және цифрландыру саласында. 11 сала бар. Соның ішінде креативті индустрия жағынан сабақ беріледі.
Alem AI цифрлық дамудың жаңа кезеңін айқындайтын жоба болатыны сөзсіз. Бұл бастама жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейтіп, елдің білім мен ғылымдағы, мәдениет пен медицинадағы әлеуетін арттыруға жол ашады. Болашақта мұндай технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналмақ.