Башқұрт, корей, тіпті нигериялық өнерпаздар қазақ тілінде айтысып, көпшілікті тәнті етті. Елордада «Алтын шаңырақ» атты республикалық этносаралық айтыс өтті. «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл бірегей жобада алғаш рет түрлі ұлт өкілдері сахнаға шығып, айтысты. Аламанның қорытындысы бойынша, бас жүлдені қостанайлық Ирина Новицкая мен Жібек Шахмарданқызы жеңіп, 3 миллион теңгені қанжығасына байлады.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазақстанның бүгінгі айтыс көшіндегі мықты-мықты майталман ақындарымыз әрбір этнос өкілдерінің талантты жастарын таңдап алып, соларды балапандай баптап, бүгін бәйгеге қосайын деп өздері ұстаз болып, баптап әкеліп отыр.
НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН:
9 жасынан осы қазақтың домбырасын жанына серік етіп, дәстүрлі әнді де, бір кісідей игерген жігіт. " Алтын шаңырақ" жобасы біздің еліміздің бірлігін арттыруға, татулығын көрсетуге таптырмайтын жоба.