Ақмола облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін құс түрін заңсыз аулау фактісін анықтады. Оқиға 22 сәуірде Целиноград ауданының аумағында орналасқан блок бекетте болды. Қызмет атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлері Қостанай қаласы тұрғынының басқаруында болған Hyundai Grandeur автокөлігін тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде полицейлер атылған құстардың екі ұшасын тауып алды, олардың біреуі — мемлекеттің ерекше қорғауындағы және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін қаздың түрі. Бұл түрге аң аулауға қатаң тыйым салынған. Жүргізушінің айтуынша, белгісіз адам одан құстардың өлекселері салынған пакетті басқа елді мекенге жеткізуді сұраған. Бұл нұсқа қазіргі уақытта тексерілуде. Сонымен қатар жүргізушінің аңшы екендігі анықталды: жүксалғыштан оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтық пен тиісті куәлік табылды. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз аулау фактісі бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция жануарлардың сирек кездесетін түрлерін заңсыз өндіру және айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Азаматтарды табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және жануарлар әлеміне ұқыпты қарауға шақырады.