Астанадағы Орталық саябақта аттракциондардың бірі темір бекіткішінен үзіліп кеткен. Салдарынан екі бүлдіршін жазым бола жаздады. Оны балалардың анасы әлеуметтік желіде жариялады.
Видеода зәре құты қалмаған ата-ананың жан айқайын естуге болады. Олар саябақтың қауіпсіздігіне қатысты шағымын айтқан. Оқыс оқиғаға қатысты Нұра аудандық полиция басқармасы тексеріс бастаған. Техникалық қауіпсіздікке қатысты шара қабылданды дейді. Ал, аттракцион басшылығы келеңсіз жағдайға қатысты кешірім сұрады.
ГАЙНИ ХАСЕНОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Оқиғаға байланысты кешірім сұраймыз. Мұндай жағдай бізде бірінші рет болып отыр. Біз бірден арнайы мамандармен бірге, оқыс оқиғаға не себеп болғанын анықтауға кірісіп кеттік. Эксперттерді де шақырттық. Барлық мәселе шешілді. Ендігі рет мұндай жағдай қайталанбайтынына сенімдіміз. Бұған өзімізде аң таңбыз. Себебі аттракцион сәуір айында ғана техникалық тексерістен өткен еді.