Сталкингке ұшыраған алматылық әйел көмек сұрайды. Өзінің бұрынғы жақын танысынан қысым көрдім деген келіншек күдіктінің қамауға алынуын талап етеді. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны ұрып-соғып, қорлап видеоға түсірген. Тіпті, туыстарын өлтіремін деп қорқытқан көрінеді. Толығырақ әріптесім Ғазиза Әмірбек тарқатады.
35 жастағы алматылық Карина Әбенова өзіне қысым көрсеткен ер адаммен былтыр танысқан. Жәбірленушінің айтуынша, басында жөні түзу көрінген жігіт уақыт өте келе қысым көрсетуді, қол көтеруді әдетке айналдырыпты. Екеуі басқа қалаға қыдырып барғанда тіпті қан-жоса қылып сабап, қорлап видеоға түсірген көрінеді. Сол оқиғадан кейін Карина ара-қатынасты үзіп полицияға арызданған. Бірақ шағымданған соң ер адам аңдуға, хабарламамен қорқытып, ақша бопсалауға көшті дейді жәбірленуші.
КАРИНА АБЕНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Ол мені Алматыда да бірнеше рет ұрған болатын. Қатты соққыға жыққаны Түркістанда болды. Басымнан жұдырықпен ұрып, құлағымнан қан аққанша соққыға жықты. Сосын видеоға түсіріп, кешірім сұрауға мәжбүрледі. Ұлтыма тиісіп, түрлі балағат сөздермен қорлады. Кейін арыз жазғанымда менің туыстарымды өлтіріп, мені мүгедек қыламын деп қорқытты. Сондықтан әлі де қорқынышпен өмір сүріп жүрмін.
Бүгінде Карина ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Әлі күнге дейін ізінен біреу аңдып жүргендей, қауіп төніп тұрғандай қорқатынын айтады. Себебі күдікті қамауға алынбаған. Ал қорқытуын тоқтатпады дейді. Карина басынан өткен сұмдықты әлеуметтік желіде де жазды. Жәбірленуішінің сөзіне сенсек, оқиға көпке мәлім болғанда ғана құзырлы орган іске көшкен. Полиция департаментінің хабарлауынша, ер адамға қатысты 2 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктіге іздеу жарияланыпты.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі Алматының Әуезов аудандық полиция басқармасы. Бірі Түркістан облыстық полиция департаментімен. Қазіргі таңда қылмыстық кодексінің 115-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды Әуезов аудандық полиция басқармасымен. Қазір күдікті болып таңылған азаматқа жәбірленушіге жақындамау туралы қорғау хаты берілді. Бұл нұсқаманы бұзатын болса ол тағы да қосымша жауапкершіліке тартылатын болады.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
“Сталкинг” - қылмыстық іс. Ол үшін 865 мың теңге айыппұл, 200 сағатқа жұмысқа тарту немесе 50 күнге қамау жазасы қарастырылған. Бірақ ер адамнан қорлық көрдім деген алматылық әйел күдіктіні ақша бопсалау, қорқыту, ұрып-соғу, ұлтараздықты қоздыру сынды бірнеше баптар бойынша жазалауды талап етіп отыр.