$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде жасанды интеллектінің арқасында өлім-жітім 40%-ға азайған

AstanaTV
28.04.2026ж. 19:00
Елімізде жасанды интеллектінің арқасында өлім-жітім 40%-ға азайған

Елімізде жасанды интеллектінің арқасында өлім-жітім 40%-ға азайған.  Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев осылай дейді. Оның сөзінше, жаңа технология ауруларды ерте диагностикалауға мүмкіндік беріп отыр. Жасанды зерде салаға тағы қандай қарқын әкелді? Үкімет отырысына қатысқан  әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Жасанды сана медицина саласында айтарлықтай оң өзгеріске қол жеткізіп отыр. Соның бірі - Cerebra AI жобасы. Инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект компьютерлік томография нәтижесін 5-10 минутта талдауға көмектеседі. Нәтижесінде инсульт диагностикасы едәуір жылдамдап, дәлдік еселеп артқан. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілген.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап инсультке күдігі бар жеті мың алты жүзден астам пациенттің деректері талданды. Өлім-жітім деңгейінің 40%-ға төмендеуі, сондай-ақ уақытылы ем алатын пациенттер үлесінің 150%-ға артқаны байқалады.

Бұдан бөлек, «Ascle» стартап жобасы енді дәрігерлердің жұмысын 50 пайызға қысқартады. Яғни, жүйе медициналық құжаттарды толтыру үдерісін автоматтандырып, қабылдау кезегін жеңілдетеді. Нәтижесінде, дәрігер науқаспен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт жұмсайды. Жасанды зерде еліміздегі 38 медициналық мекемеде пилоттық режимде сынақтан өткен.

СҰЛТАН ЖҰМАБАЕВ, «ASCLE» СТАРТАП ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жасанды интеллект дәрігер мен науқас арасындағы диалогты тіркейді, сөйлеуді танып, оны құрылымдалған медициналық деректерге айналдырады. Алынған мәліметтер автоматты түрде алғашқы қабылдау картасына және медициналық картаның негізгі бөлімдеріне енгізіледі. Одан кейін осы ақпараттың негізінде алдын ала диагноз қойылып, емдеу мен тағайындаулардың оңтайлы нұсқасы ұсынылады.

Жобаға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қолдау білдірді. Ендігі жерде жасанды интелекттіні елдегі кәсіпорындарға да енгізуді тапсырды. Себебі жүйе, өнім сапасын,еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді,-деді. Бірақ, IT-сала қарыштап дамығанымен, қауіп-қатер сейілмей тұр. Премьер-министр жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігін қаперден шығармауды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Халықаралық сарапшылардың пайымынша, 2030-шы жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 триллион доллардан асады. Сондықтан салаға бей-жай қарауға болмайды. Жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек деп тапсырды,-үкімет басшысы.