Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оққа ұшқан баланың әкесі полицей екені расталды

AstanaTV
01.02.2018ж. 20:00
2779
Оққа ұшқан баланың әкесі полицей екені расталды

Оралда мектеп оқушысына оқ атылу дерегі бойынша Бұрынғы Бөрілі ауданы әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қару иесі мылтықты дұрыс сақтамағаны үшін айыпталып отыр. Ал оққа ұшқан оралдық оқушының әкесі полиция қызметкері екені ақыры расталды. Ол БҚО Ішкі істер департаментіндегі бөлім бастығының орынбасары Ержан Ергариннің ұлы болып шықты. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО ІІД бастығының орынбасары Берік Аймұрзин мәлімдеді. Оның сөзінше, оқыс оқиға балалар үйде жалғыз қалған кезде болған.

Берік Аймұрзин, БҚО ІІД басшысының орынбасары:

Балалар шағын калибрлі мылтықты сейфтен алып, алдымен аулада атқан. Атылған оқ абайсызда балалардың біріне тиеді. Жараланған бала - біздің қызметкердің ұлы. Бірақ оның ешқашан департамент бастығының орынбасары болмағанын айтқым келеді. Ол - департаменттің тылдық қамтамасыз ету бөлімі бастығының орынбасары.

Ал жараланған бала облыстық клиникалық ауруханаға ауыстырылған. Жансақтау бөлімінен шығарылса да, дәрігерлер оның жағдайы әлі ауыр екендігін айтады. Осыған дейін хабарлағанымыздай, оқыс оқиға 21-қаңтарда болған. 16 жастағы жасөспірім абайсызда қасындағы баланы атып алған. Қазір осы оқиға ізімен ҚР Қылмыстық Кодексінің «Абайсызда денсаулығына зақым келтіру» бабы бойынша тергеуалды жұмыстар жүргізіліп жатыр.