$455.63 €507.89 ₽5.65

100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды

100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылды
Polisia.kz

Жаңақорған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат жасаған қателігіне өкініп, сот жүктеген міндеттерді орындап жүр. Ол бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сот үкімімен екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тағайындалып пробациялық бақылау белгіленген, деп хабарлайды Astana TV.

Сотталған азаматтың айтуынша, ол үйде ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізген соң, есіктің құлпын бұзып, үйге заңсыз кірген. Киім қалтасынан 50 мың теңге тауып алып, иемденген. Алайда жеңіл жолмен келген ақшаның соңы өкінішке ұласқан. Қазіргі таңда ол сот жүктеген міндеттерді орындап, белгіленген 100 сағат мәжбүрлі еңбегі аясында көше тазалау жұмыстарын атқаруда. Бұл – өз қателігін түсініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге берілген мүмкіндік.

– Өз ісіме қатты өкінемін. Ақшаны көрген соң қызығып, алып кеттім. Жасым 30-дан асса да, осындай әрекетке барғаныма ұяламын. Әсіресе, анам мен әкемді уайымға салғаным жаныма батады. Жеңіл жолмен келген ақша ешқашан жақсылыққа апармайды екен. Қазір түзелуге барынша тырысып жүрмін. Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Енді қателігімді қайталамай, адал еңбекпен өмір сүруді мақсат еттім, – дейді сотталған азамат.

Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету, заң талаптарын сақтауға және дұрыс өмір жолын таңдауға бағыт беру. Өз ісіне өкініп, еңбекпен түзелуге талпынған азаматтың бұл оқиғасы әрбір әрекеттің салдары болатынын еске салады. Адал еңбекпен келген табыстың қадірі бөлек, ал бір сәттік қызығушылықтың өзі адамды өкінішке ұрындыруы мүмкін.