$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қостанайда «QOSTANAI TECH» ғылыми-инновациялық фестивалі өтті

AstanaTV
29.04.2026ж. 19:00
Қостанайда «QOSTANAI TECH» ғылыми-инновациялық фестивалі өтті

Қостанайда ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық «QOSTANAI TECH» фестивалі өтті. Робототехника, жасанды интеллект пен концерттік бағдарламаларды қамтыған шараға он мыңнан астам адам жиналды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл өңірдегі IT-технологияларды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 46 пайызға жеткен. Ал өндіріс саласында 145 робот жұмыс істеп тұр.  

«QOSTANAI TECH» отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваліне өңір тұрғындары мен еліміздің түрлі аймақтарынан келген он мыңнан астам қонақ қатысты. Іс-шара мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облысымыз өңдеу өнеркәсібі бойынша елімізде 4-орында. Қостанай облысын машина жасау орталығы деп сенімді айтуға болады. Себебі, еліміздегі машина жасау өнімнің 25 проценті біздің өңірде өндіріледі.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде сан салада цифрландыру қарқын алып, тың тетіктер енгізілген. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде IT-шешімдерді қолданатын кәсіпорындардың үлесі 46 пайызға жеткен. Фестивальге келгендер интерактивті алаңдар мен заманауи технологиялар көрмесін, ғылыми шоуларды тамашалады. Сонымен бірге, сарапшылардың, ірі өндіріс өкілдері мен IT-компаниялардың баяндамаларын тыңдады. Тіпті, шарада арнайы шақырылған  Оңтүстік Кореялық ғалым сарапшы да болды.

РАЕ КВОН ЧУНГ, ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӘНЕ КЛИМАТ САЯСАТЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Бүгінде адамзат тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Біз жасанды интеллект кейбір мамандықтарды алмастырып, болашақ білім беру жүйесіне үлкен ықпал ететін дәуірге қадам бастық.

ТЕМІРЛАН ЗИНАЛАБДИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ЖИ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Жасанды интеллектінің өзі маңызды емес. Маңыздысы – оны жасайтын, дамытатын адамдар және оны жаппай қолдануға мүмкіндік беретін процестер.  Себебі, алгоритм арқылы қызметтерді оңтайландыруға болады.

Ашық алаңда шеберлік сағаттары, химия мен физика бойынша тәжірибелер, техника көрмесі және индустриялық экскурсиялар өтті. Жобаның басты мақсаты – жастарды болашақ технологияларға қызықтыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және заманауи мамандықтарды насихаттау.