Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оралдықтар жылу бағасының қымбаттағанына наразы

AstanaTV
01.02.2018ж. 20:00
2341
Оралдықтар жылу бағасының қымбаттағанына наразы

Оралда тағы да жылу дауы. Бұл жолы тұрғындар жылу ақысының еселеп өскеніне наразы. Олар бұған үйлеріндегі жылуды есептейтін құрылғыны кінәлайды. Айтуларынша, бұл қондырғы жылу ақысын әдеттегіден екі есе асыра есептейді. Дағдарған үй иелері енді жылу ақысын төлемейміз деп отыр.

Тұрғындардың сөзінше, есептегіш құрылғы орнатылғалы бері жылу ақысы қымбаттаған. Бұған дейін жылу үшін үйдің әр шаршы метріне 144 теңгеден төлесе, құрылғы қойылғасын бұл баға екі есеге өскен. Үй иелері мұндай ақыны қалталары көтермейтінін айтады.

Виктор Госман, Орал қаласының тұрғыны:

Екі бөлмелі пәтерім үшін жылуға қараша айында 6 мың теңге, желтоқсанда 9 мың теңге төледім. Енді қаңтар айына 13 мың теңге шығып тұр. Енді ақпанда қанша бережақ болатынымды ойлауға қорқамын. Қазір осы есептегіш дұрыс орнатылмағаны анықталып отыр.

Валентина Шелудько, Орал қаласының тұрғыны:

Осы дау басталғанда жылуқуат орталығы да, пәтер иелері кооперативі де бастарын ала қашты. Жертөле есептегіш қоюға жарамсыз болса да, ешкім мән бермеді. Жылуберушілер пәтер иелері кооперативін жертөлені реттеуге міндеттеуі керек еді. Айналып келгенде біз зиян шегіп отырмыз. Біздің қандай кінәміз бар?

Есептегіш құралды жылу орталығы орнатады. Ал оны ұйымдастырумен пәтер иелері кооперативті айналысуы керек. Бірақ тұрғындар ол жұмыстардың барлығын өздері жасағандарын айтады. Жылу беру мекемесінің өкілдері мұндай дау бұған дейін де болды деп отыр. Ол кезде тұрғындар кінәларын мойындап, артық есептелген жылудың ақысын өздері төлеген көрінеді.

Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ коммерциялық директоры:

Есептегіштің жылу көлемін реттейтін шайбасы жоқ. Сондықтан артық есептейді. Бұл тетікті орнатуды тапсырсақ та, орындауға асығар емес. Шайбаны қоюға біз міндетті емеспіз. Ал тұрғындар бүкіл кінәні бізге жауып отыр. Егер есептегішті дұрыс қолданса, көп қаржы үнемдеуге болады.

Жағдайды түсіндірмек болған пәтер иелері кооперативінің өкілдеріне тұрғындар бас салды. Әңгіменің аяғы айғай-шуға ұласып, екі жақ та бір-бірін кінәлаудан әріге аспады.

Ерлан Дәрібаев, ПИК директорының орынбасары:

Батареяның әрқайсысында заң бойынша маевский тұруы керек ауа шығару үшін. Ал бұларда кәдімгі қол жуатын кран тұр. Содан бұлар су қолданып, соның кесірінен үлкен шығын болып тұр. Сосын дроссель жүйесі қойылмады. Оны қою үшін қыруар қаржы керек болды. Ол жоқ дегенде 10-15 мың ақша керек. Ал бұл үй ондай ақшаны шығармады. Сондықтан біз оны уақытылы қоя алмадық.

Еркін Карин, тілші:

Бүгінде Оралдағы үйлердің барлығына дерлік жылу есептегіш орнатылған. Бұрын жылу ақысы үйдің ауданына байланысты есептелсе, енді берілген жылу мөлшері ғана ескеріледі. Бұл тұрғындар үшін қолайлы. Ал жылуберушілер үнемшіл құрылғының кесірінен жылудан жиналар табыс бұрынғыдан 140 миллион теңгеге азайды дейді. Ашуға мінген тұрғындар жылу ақысы қайта есептелмейінше, ақша төлемейміз деп отыр. Тіпті сотқа шағымданбақ.

Еркін Карин