$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Талдықорғанда із-түзсіз жоғалған бала табылды

01.05.2026ж. 18:33
Талдықорғанда із-түзсіз жоғалған бала табылды
Фото: polisia.kz

Талдықорған қаласында 30 сәуір күні таңертең жоғалған 10 жастағы баланы іздеу жұмыстары аяқталды. Бала тек екінші тәулікте табылды.

Баланың жоғалғаны туралы полицияға оның анасы хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы таңғы сағат 08:30 шамасында жанжалдан кейін үйден шығып кеткен және қайта оралмаған. Алғашында әйел баласы өздігінен қайтып келеді деп ойлаған, алайда сағат 11 шамасында оның жоқтығына алаңдап, полициядан көмек сұраған.

Осы сәттен бастап ауқымды іздестіру шаралары басталды. Оған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция қызметкерлері, криминалдық полиция, сондай-ақ департаменттің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Сонымен қатар Жедел басқару орталығының камералары қолданылып, баланың жүруі мүмкін бағыттары тексерілді, аулалар, подъездер және қоғамдық орындар қаралды.

Іздеу жұмыстары бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде баланың орналасқан жері анықталып, ол аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.

— Қазіргі уақытта бала табылып, анасына қайтарылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағанмен профилактикалық әңгіме жүргізілді, — деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баланың осы уақыт ішінде нақты қайда болғаны анықталып жатыр. Полиция мәліметінше, үйден кетуіне отбасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған.

— Мұндай жағдайлар көбіне балалардың эмоциялық күйзелісімен байланысты болады. Тіпті болмашы көрінетін жанжалдардың өзі бала үшін ауыр қабылдануы мүмкін. Сондықтан балалардың мінез-құлқына дер кезінде назар аударып, олармен сенімді қарым-қатынас орнату маңызды, — деп қосты ведомство өкілдері.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың эмоциялық жағдайына мұқият болып, оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.