$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Еліміздің барлық өңірінде «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы басталды

AstanaTV
06.05.2026ж. 19:00
Еліміздің барлық өңірінде «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы басталды

Отан қорғаушылар күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы басталды. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған ауқымды іс-шара биыл 5 мыңнан астам жас өренді біріктірген.  Жоба аясында мектеп оқушылары мен студенттер үшін әскери бөлімдерге арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, жауынгерлердің тыныс-тіршілігі таныстырылуда.  Елордадағы №68665 әскери бөліміне келген жүзден астам жас сарбаздың бір күндік өмірін көріп, арнайы техникалар мен қару-жарақтарды тамашалады. Сондай-ақ, «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында әскери сарапшылармен кездесу өтіп, жастар азаматтық парыз бен елді қорғаудың маңызы туралы ой бөлісті.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Мемлекет басшысының бастамасымен елде үлкен идеологияға айналған "Заң мен Тәртіп" жобасы іске асып жатыр. Бауыржан Момышұлы атамыздың да айтқан жақсы сөзі бар ғой: "Тәртіпке бағынған ел құл болмайды" деп. Сондықтан, жастар, айналамызды қарап, барлығын тәртіпке шақырып, заңның жүйелі түрде іске асуына өзіміздің үлесімізді қосып, айналамызды таза ұстап, өзімізден кейінгі ұрпаққа осы таза Қазақстанды, әділетті, заң мен тәртібі толық орнаған мемлекетті қалдыруымыз тиіс.

АҚЕРКЕ ИСКАНДЕРОВА, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл іс-шаралар «Жастар рухы» ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Басты мақсаты - жастар арасында патриоттық сезімді нығайту, сонымен қатар оларға әскери өмірді шынайы көрсету және де әрі қарай осы әскери қызметке тарту.