Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Гепатит А жайлы. Дәрігер қателігі туралы. Және «аспанға қарап, жұлдыз санамау»...

AstanaTV
03.02.2018ж. 20:00
4128
Гепатит А жайлы. Дәрігер қателігі туралы. Және «аспанға қарап, жұлдыз санамау»...

Қарағанды облысында гепатит А –ға шалдыққандар 50 ден асқан. Санитар дәрігерлер ірі базарлар мен дүкендерді тексеруді бастады. Ал мектеп асханаларында көкөніс пен жеміс-жидектерден 27 сынама алынып, тексеру нәтижесінде үшеуінен гепатит вирусы анықталған. Апта басында бас санитар дәрігер Ж.Бекшин "ауру көп тараған 58-мектеп оқушылары жаңа-жылдық кеште үйде дайындалған компот ішкен, вирусты инфекция содан тараған", деген еді. Қазір балаларды жаппай егу басталды. Негізі, көрсеткіш күн сайын өзгереді. Өйткені химиялық талдау қандағы вирусты бүгін көрсетпесе, ертең көрсетуі мүмкін. Сырқат адамдармен тұрмыстық қарым-қатынаста болған 220 тұрғынға мамандар әлі де қан талдауын жасайды. Өйткені дерттің белгісі оны жұқтырған соң 35 күннің ішінде анықталады. Ал Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Шолпан ауылында гепатит А тарап, эпидемия шықты деген дауға байланысты - осы аптада ауылға облыстан комиссия барып, аудандық аурухананың бас дәрігері Жексенбай Тілеубердинді жұрттың көзінше жұмыстан босатқан. Өткен аптада оның «мәліметті дабырайтып көрсетті» деп айыпталғанын айттық. Вирусты инфекциядан көз жұмған оқушы қыздың анасы Индира Жәнібекова дәрігерлердің ауру балаларды тасығандары, сонымен бірге кейбір ем шаралары үшін ақша алғандарын айта келе, -сараптама қорытындысын күтіп отырмын, кінәлілер жазалануы керек, мұндай жағдай қайталанбауы үшін. Кінәлі жалғыз бас дәрігер емес. Менің қызыма қажетті көмек дер кезінде көрсетілмеді,- деген. 

Ал апта басында Парламент Мәжілісінде өтетін дәстүрлі үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі есеп берген, дәрігердің қателігін жазалауға болмайды деп есептейтінін айтты. Қылмыстық жазалау туралы айтып отыр. «Бұл акушер-гинекология, реанимация сияқты тәуекелі көп салалардан мамандардың көптеп кетуіне апаруы мүмкін»,- деді. «Қасақана зиян жасау мен адам өмірін сақтау жолында қателескен дәрігерді ажырата білу керек. Дәрігердің қателесуге қақы бар. Диагноздың қандай екенін 100 процент білу мүмкін емес», -деп, денсаулық сақтау саласы дамыған мемлекеттердің қателіктерді тауып, декларациялайтынын айтты. «Жазаламайды, оқытады», -деді. «Қылмыстық жауапкершілікке тартпау керек» деген бұл пікірді қоғам әрине, 100 процент, тіпті 70-80 процент қолдайды дей алмаймыз. Иә, дәрігердің қателесуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығармайды. Әр жағдайды жеке-дара, әбден таразылап барып қорытынды шығару керектігі де түсінікті. Бірақ «басында былай депті, сөйтсе мүлдем басқа ауру екен, қанша уақыт керағар уколдар салып келген» немесе «дәрігерлердің салдыр-салақтығынан мүгедек болып қалды» деген бізде жиі еститін дүниелер емес пе?.. Сонымен бірге салдыр-салақтық пен қатені, қасақана қиянат жасау мен жағдайдың адам бұйрығына бағынбай қалыптасуын қалай ажыратуға болады? Осы бір сауал білім сапасы, қызмет сапасы, бәсекенің жоқтығы немесе сапалы қызметтің қолжетімсіздігі сияқты саладағы көріністерге сілтеме жасап тұр... Ал министрліктің диагноз қоюды жақсарту жолындағы жоспары депутат Сабильяновқа ертегі сияқты естілді. Мөлдір Бақытқызы жалғастырады.

Айзере 10 күннен кейін 3 жасқа толатын. Өзі жоқ, жұмсақ ойыншықтары ғана қалды. Диананың тұла бойы тұңғышы.  22-желтоқсанда ауруханаға түскен сәби 31-желтоқсанда көз жұмды. Дәрігерлер Айзерені бір жеті бронхит деп емдеген. Бірақ сол жерде жұқтырған ішек инфекциясынан періштенің демі үзілді. Бөпесінен айырылып боздаған ананың қазір көз жасы құрғап қалғандай.  Ол облыстық аурухананы сотқа берді. Енді емдеу мекемесінің өз «инфекциясы» әшкере болғалы тұр.

Диана Бекімова, сәбиінен айырылған ана:

Бізді қараған дәрігер ешқандай инфекционист емес, ол кісі жай педиатор екен. Инфекционист болғанда  баланы құтқарып қалуға болар ме еді. Бірақ кеш.

Иә, кеш. Тиісті мекеме тергеу жұмысын аяқтап нәтижесін де жариялап үлгерді.  Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалады.  Сөздеріне қарағанда бірнеше адам жауапқа тартылмақ.

Ольга Смирнова, Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық қорғау департаменті  басшысының орынбасары:

Қабылдау бөлімі мен емдеуші дәрігердің әрекетінен салғырттық анықталды. Медбикелердің қызметтік міндеттін дұрыс орындамауы және медибикелермен дәрігер арасында мәлімет алмасу, өзара байланыстың болмағаны анықталып отыр.

Мақпал Жарылқасынова, сәбиінен айырылған ана:

Медик болмасам да, мен соны білем. Обследовать ету керек қой, обследовать...

Бұл Теміртауда қаза болған 1,5 жасар Асланның анасы. Қаңтардың үші күні іші өтіп инфекциялық ауруханаға түскен нәресте бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Анасы сұлық түскен балаға дәрігерлер дер кезінде тиісті ем – дом жасамады деп шырылдайды. Мақпал да Диана сияқты қалалық аурухананы сотқа бермекші.

Осы оқиғалардан соң, елдің бас дәрігері Елжан Біртановқа ақ халаттылардың жауапкершілігі туралы сұрақтың қойылуы заңды да. Алайда экс-дәрігер, қазіргі шенеунік маман тапшы кезде қылмыстық іс қозғау арқылы дәрігерлерді қудалау тіпті тапшылыққа әкеледі дейді. Әріптестеріне ара түскені сонша, әдетте сөзден жаңылмайтын Біртанов, бұл жолы сүрініп кеткендей.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

За врачебную ошибку наказывать нельзя, это наше твердое убеждение, поскольку врач имеет право ошибаться. Сто процентно знать о том, какой диагноз, не представляется возможным.

«Дәрігер қателігі» қылмыстық кодекстің 317-бабымен жазаланады. Ол «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» деп аталады. Жаза түрлері: егер денсаулыққа зардабы аса ауыр тимесе дәрігер қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлейді. Немесе белгілі бір мерзімге дейін медицинадан шеттетіледі. Егер науқас мүгедек болып қалса, дәрігер үш жылға дейін сотталады. Ал өлімге соқтырса, 5 жылға дейін жаза кесіледі. Заңгерлер көбіне медицина мамандары сотта босатылады дейді. Өйткені дәрігердің тікелей кінәсін дәлелдеу қиын көрінеді. Кейде дәйектің жетіспеуінен іс орта жолда тоқтайды.

Станислав Лопатин, заңгер:

Тергеуші, сот, прокурор да тікелей кінәнің бар жоғын түсінбейді. Содан сарапшы қорытындысына жүгінеді. Көп жағдайда сот-медициналық сараптау өлім мен дәрігердің іс әрекеті арасында байланыс таппайды.

Иә, жүз пайыз шатаспау үшін, адамға емес роботтың көмегіне жүгінетін шығармыз. Жуырда «Ватсон» дейтін «жасанды жады» қатерлі ісікке шалдыққан жүздеген адамды қалай емдеу жолын шығарып береді дейді. Америкалық «IBM»-мен былтыр келісім-шарт жасалған. Нәтижесін күтіп отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қатерлі ісікпен тіркеуде тұрған 100- деген науқастың мәліметі IBM-ге жолданды. Ақпанда жауабы келеді. Жасанды жады 1 минут  ішінде бірнеше ғылыми-зерттеулерге сілтеме береді және дәрігерге қажетті тиісті ем-дом жолдарын тізіп береді.

Бұл Елжан Біртановтың «Үкімет сағатында» депутаттарға берген есебінен үзінді.  Министр медицинадағы «ғылыми-техникалық революция» туралы баяндама оқыды.  Дәрігерлер жыл соңына дейін қат-қат қағаздан біржола құтылады.  Амбулаторлық карталар түгел дерлік электронды форматқа көшеді.  Жалпы, ауруханалардың 75 пайызы жаңа жүйеге ауысқан.  Бүкіл Республикаға ортақ "Ұлттық денсаулық төлқұжаты" құрылады. Онда науқастар туралы барлық мәлімет топтастырылады. Бұл жүйеге көшу үшін, 3 жыл бұрын Хорватиядан Ericsson  копаниясы тартылған. Жоба биыл толық аяқталуы тиіс. 

Нұртай Сабилянов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының  мүшесі:

Маған ертегі айтып жатқан сияқты болды министр. Өйткені цифрландыру болу үшін, бүгін емханалар жоғарғы интернет байланысына қосуымыз керек. Құрметті министр, "аспанға қарап, жұлдызды санағанша" жердегі тіршілікті дұрыс көзбен қараған жөн сықылды.

Сабилянов -шалғайдағы елді-мекендер әлі күнге дейін кеңес өкіметінен қалған жабдықтарды пайдаланады. 2124 жедел жәрдем көлігінің 776-сының тозығы жеткен. Осындай қарапайым қажеттілікті өтемей тұрып жасалған әрекет бос әурешілік,  "айға ұмтылумен" тең,- дейді.

Министр "көкте", депутат жерде. Ал жер мен көктің арасында "ілініп" тұрған Айзеренің анасы соттың шешімін күтеді.

Диана Бекімова, сәбиінен айырылған ана:

Дәрігерлерді жазалау керек. Жәй жұмыстан шығарып, лицензиясынан ғана айыру аз.  Егер жауапкершілікке тартатын болса, басқалары да қорқады. Олар жұмысына салғырт қарамайтын шығар. Оқып жатқан медицина колледжіндегі студенттер де сабақтарын жақсы оқитын шығар?..

Мөлдір Бақытқызы «Біздің уақыт».